Қырғыз елінен көмек келді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қырғыз елінен көмек келді

09.04.2024

Қырғыз елінен шыққан гуманитарлық көмек Қостанайға жетті. Бұл негізінен азық-түлік, күнделікті қажетті гигиеналық және тұрмыстық бұйымдар. Үш көлікке тиелген жүктің жалпы салмағы 40 тонна. Жеткізілген заттар арнайы дайындалған қоймалардың біріне түсірілді. Осы жерден еріктілер оны мұқтаждарға бөліп береді. Бұған дейін екі күн ішінде облыс орталығына Астана қаласы мен Жамбыл облысының Меркі ауданынан 30 тонна жүк жеткізілген. Сонымен қатар қостанайлықтардың өзі де қолдағы барын тасқыннан зардап шеккендермен бөлісіп жатыр. Қырғызстаннан шыққан керуен Қостанайға дейін 2 жарым мың шақырымнан аса жол жүріп келді.

Мирзат Медетканов, Қырғызстан ТЖМ қызметкері:

300 тонна жүкпен 15 көлік шықты. Олар Қазақстанға төрт бағыт бойынша: Қостанай, Ақтөбек, Атырау, Оралға гуманитарлық көмек жеткізеді. Біз бірінші болып Қостанайға жетіп, әкелген жүгімізді түсіріп жатырмыз.

Бауырлас қырғыз елінен шыққан гуманитарлық жүк Ақтөбе облысына жетті. Көлік керуенін Қырғызстанның Төтенше жағдайлар министрі Бообек Әжікеевтің өзі бастап келген. Ақтөбедегі «Анаға тағзым» орталығына әкелінген 100 тонна жүк мұқтаж отбасылар арасында бөлінеді және аудандардағы эвакуациялық пункттерге жеткізіледі. Қазір волонтерлер азық-түлік, киім-кешек, төсек-орын мен басқа да қажетті заттарды тізімдеп, рет-ретімен жинап жатыр. Қырғыз ағайындар мұндай көмекті Атырау мен Батыс Қазақстан облыстарына да жеткізеді.


Дәуренбек Әбдібек

Хабарламаларға жазылу