Атырау облысындағы Жылыой ауданында қауіп сейілмей тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атырау облысындағы Жылыой ауданында қауіп сейілмей тұр

07.04.2024

Атырау облысындағы Жылыой ауданында қауіп сейілмей тұр. Көшелер суға лық толы. Қатынас шектелген. Құтқарушылар үйлерінде қалған тұрғындарды қауіпсіз жерге шығарып жатыр. Құлсарыдағы ахуалды Нұрсұлтан Нұрсейіт тарқатады.

30 мыңнан астам адам қауіпсіз жерге көшірілді

Нұрсұлтан Нұрсейіт, Тілші:

Бұл Құлсары қаласындағы 4 ауыл атанып кеткен ықшам аудан. Су келген сәттен бастап бұл жердегі тұрғындар түгел эвакуацияланды. Мен қазір жолдан бес қадамдай қашықтықта тұрмын. Көріп тұрсыздар, ары қарай барсаңыздар су белуардан келеді.

Тасқын судың құрсауында қалған Құлсарыдан 30 мыңнан астам адам қауіпсіз жерге эвакуацияланды. Олар көршілес Маңғыстау облысындағы Бейнеу ауданына, Теңіз кен орнындағы вахталық қалашыққа және Атырау қаласына тасымалданды. Соңғы ақпарат бойынша 3000-ға жуық тұрғын-үй мен инфрақұрылымға су кірген.

Баубек Нұрғазиев, Құлсары Қаласының Тұрғыны:

Болашақ деген ауданға үй салғанмын осы былтырдан бастап. Сол жерден енді кеше қашып шықтық. Мына судың деңгейі терезенің үстіне келіп тұр. Енді мына жан-жақтан көмек келіп жатыр. Ақтауы бар, Бейнеуі бар. Оларға мың да бір рақмет.

Қазір қауіпті аймақтарда жұмыс қызу. Жан-жақтан келген 700-дей әскер тұрғындармен бірге бөгет нығайтып жанталасып жатыр. Сонымен қатар полиция мен төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері мекен-жайларды аралап, онда қалған тұрғындар мен жануарларды құтқарып жатыр.

Есенбек Кенжеғұлов, Құлсары Қаласының Тұрғыны:

Спасательдер кешеден бері жұмыс істеп жатыр, рахмет. Алдында семямды Тенгизге жіберлдім де өзім қалып қойдым ғой. Кеше сумен арпалысып ортада қалып қойдық. Мына жігіттер көмектесіп шығарды.

Абат Бөлекбаев, Құтқарушы:

Ақтөбе қаласынан келіп тұрмыз. Күні түні осы жақта жүрміз. Шақыртулар келеді. Адамдарды құтқару керек. Адам санынан шатасып жатырмыз. Барамыз адам алып келеміз, болмаса жануар алып келеміз. Үсті-үстіне шығып жатыр.

Бүгін Жылыой ауданына келген үкімет басшысы Олжас Бектенов, суға кеткен аумақтарды аралап, тұрғындармен тілдесті. Азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету басты мақсат. Бұл бағытта кешенді жоспар бекітілмек.

Серік Шәпкенов, Атырау Облысының Әкімі:

Қырқына шыдадық, енді бірі қалды. Судың беті әрі кетіп бара жатыр. Енді сәл шыдауымыз керек. Құлсары бәріміз бір қазанда тұрмыз ғой, жан-жақтан қысып тастады бізді. Сондықтан алдын-алайық, шыдап шықсақ сосын мына судың өзін жібереміз.

Әр өңірден гуманитарлық көмек, яғни азық-түлік пен тұрмысқа қажетті заттар теміржол арқылы жеткізіліп жатыр. Оған кәсіпкерлер, алпауыт компаниялар мен жеке мекемелер де атсалысуда.

Нұрсұлтан Нұрсейіт


Хабарламаларға жазылу