Алматыда 20 мың тұрғын жарықсыз қалған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда 20 мың тұрғын жарықсыз қалған

05.04.2024

Алматының іргесіндегі «Асыл арман» тұрғын үй кешенінің тұрғындары коммуникациядан толық ажыратылған. 20 мыңнан астам адам жарықсыз, жылусыз, тіпті сусыз қалды. Жауапты компания бұған тұрғындардың уақытылы төлем жасамағаны себеп,- деп отыр. Бірақ, мұнымен «асыл армандықтар» келіспейді. Мәселенің мән-жайын тілші тарқатады.

«Асыл армандықтардың» алты айдан бері көрген күні осы. Кез-келген уақытта жарық өшіп, артынша су мен жылу да тоқтап қалады. Әбден мезі болған жұрт бұдан әрі шыдамаймыз деп наразылық білдірді. Өйткені, осы уақытқа дейін жауапты мекеме тұрғындарға есеп бермей келген.

Аида Оразалиева, тұрғын:

Айма ай төлеп отырмыз. Квитанция келеді. автоматты түрде төлейміз. Төлемесе өшіріп кетеді. Бір үйде төрт бес баладан, әжетхананы не істейді, балалар су жоқ, свет жоқ дегенді түсінбейді. Не істейді сондағысында?

Серік Шагиров, «Асыл арман» МИБ жетекшісі:

Бүгінгі таңда біздің энергоқуат беретін мекеме заңмен бекітілген, мыңдаған халықтың алдында алған міндетін атқарып жатқан жоқ. Ол бірінші рет емес.

Тұрғын үй кешенінің жарығына 8 жылдан бері «BeyAzhTrans» компаниясы жауапты. Анықталғандай, тоқ таратушы делдал мекеменің «Алматы ЭнергоСбытке» берешегі шаш етектен екен.

Андрей Мукажанов, «Алматыэнергосбыт» ЖШС облыс бойынша сату департаментінің басшысы:

Біздің тұрғындармен өзара келісім шартымыз жоқ. Сол себепті бізден электр қуатын сатып алушы «BeyAzhTrans» компаниясына алдын ала жарықты өшіретініміз туралы хабарлама жібердік. Бүгінде «BeyAzhTrans» 367 миллион теңге қарыз. Жарты жыл бойы төлем жасамады. Сондықтан, электр қуатынан ажыраттық.

Ал тұрғындардан ай сайын қаражат жинап жүрген «BeyAzhTrans» компаниясының өкілдері нақты қанша пәтер иесінің қарыз екенін айтып бере алмады.

Мұхтар Омарханұлы, «Beyazhtrans» ЖШС бас инженері:

200 млн деп білмеймін кім айтып жатқанын. Негізі ондай сумма жоқ. Бар енді кейбір пәтерлер 30-40 мың теңгесі төленбеген.

Арна тілшілері бұл мәселеге араласқаннан кейін, бірнеше сағаттан соң тұрғындарға жарық беріліп, жылу мен су да қосылды. Облыстық әкімдіктің мәліметінше, олар жауапты компаниямен өзара келісім жасап, уақытша электр қуатын қосуға келісіпті. Алайда, «BeyAzhTrans» компаниясы 367 миллион теңге қарызды әлі төлеген жоқ.

Әйгерім Ердәулет

Айдана Қуантхан


Хабарламаларға жазылу