Елімізде өндірілетін электр қуатының 50 пайызға жуығын беріп отырған Екібастұз қаласының іргесіндегі Қарасор ауылында электр энергиясының ең жоғары тарифі белгіленген. Бұл елдімекеннің тұрғындары көрші ауылдарға қарағанда үш есе қымбат төлейді. Ал биылғы қаңтардан бастап тариф тағы 5 теңгеге көтерілген.
Сарқытбек Өтей, Қарасор ауылының тұрғыны:
Жарықтың КвТ 32 теңге 60 тиынмен есептеп отыр. 18 мың теңге төлеп отырмыз айына. 11-12 теңге ғой халықтың төлейтіні. Біздікі 32 теңге. Ол енді өте сұмдық жоғары баға.
88 түтіні бар ауылға жеке трансформатор қойылмаған. Электр желісі осындағы кен байыту комбинатына тиесілі. Ал олар қуат тасымалдаушы кәсіпорыннан заңды тұлға ретінде сатып алады. Қосымша құн салығымен қоса есептегенде, әр киловатт құны 31 теңгеге жуықтайды екен. Ауылға үстінен 1 теңге қосып береді.
Ержан Салханов, Екібастұз қаласы әкімінің орынбасары:
Ауыл тұрғындарына қымбатқа түсіп отыр. Мәселені шешу үшін Павлодардағы энергия сатушы кәсіпорын әр үйге коммерциялық автоматтандырылған есептегіш жүйе орнатуды ұсынды. Бағасы 10 млн теңге. Бірақ бұл ауылдық жер үшін өте қымбат. Қазір басқа амалдарын қарастырып жатырмыз. Біз мәселені алдағы бір ай ішінде шешеміз.
Болат Аманбаев