«Жібек жолы ізімен». Астаналық бір топ студент осындай атаумен өткен экспедицияға қатысып қайтты. Олар Өзбекстанның Ташкент пен Самарқан қалаларын аралап тарихи нысандарды көзбен көрді. «Бұл жастардың таным көкжиегін кеңейтуге бағытталған шара», - дейді саяхатты ұйымдастырушылар.
Қазақстандық жастар алдымен Ташкент мемлекеттік заң университетінде болып, өз қатарластарымен танысты. Оқу орнының ғимараты талай тарихқа куә болған нысан. Бір кездері мұнда алаш арыстарының бірі Мұстафа Шоқай білім алған. Шәкірттердің теориямен шектелмей, ел жер көруіне жағдай жасаған Астанадағы заң университеті «Жібек жолы ізімен» атты экспедиция аясында киелі жерлерге саяхат ұйымдастырып келеді. Бұған дейін еліміздің көне қалаларын аралаған топ биыл Өзбекстанға бет бұрды.
Аяжан Оразтаева, студент:
Ташкенттің архитектурасы, мәдениеті адамдары маған қатты ұнады. Менің ойымша, мұндай экскурсиялар жиі өткізілуі керек. Өйткені бұл оқушылардың білім алуына әсер етеді, тарихты білуіне үлкен мотивация болады деп санаймын.
Лепуда Мұқатаева, тарих ғылымдарының кандидаты, профессор:
Қасиетті жерлерге балаларды апарып көрсеткенбіз. Бекет ата басына, Берел қорғандары деген сияқты. Биыл тек Қазақтан емес, «Жібек жолы ізімен» деген экспедиция арқылы Ташкент пен Самарқанды көрсетуді мақсат қойдық.
30-дан аса студентті оқытушы-профессорлар бастап келді. Жастарға танымдық бағытта да білім беруді көздеген ұстаздардың игі ісін екі мемлекеттің елшілігі де қолдады. Сапар барысында студенттер мен ұстаздар қауымы Ташкенттегі Төле би бабамыздың кесенесіне арнайы зиярат жасады.
Жанетта Калишева, заң ғылымдарының кандидаты, профессор:
Бұл біз үшін тарихи сәт деп айтар едім. Жастар Орталық Азия елдерінің тарихымен жақынырақ танысты. Бауырлас елдердің жоғары оқу орындарымен тәжірибе алмасуды мақсат еттік. Соның бірі Ташкент мемлекеттік заң университеті. Аталған білім ордасымен бірігіп қос диплом бағдарламасын іске қостық.
Астанадан келген саяхатшылар үш күн бойы Ташкент пен Самарқан қалаларын аралады. Бауырлас екі елдің арғы-бергі тарихынан сыр шертетін көне нысандарды көріп, бабалар мұрасымен танысты.
Базаркүл Отыншиева