Түркістан облысында ағын су тапшы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысында ағын су тапшы

04.04.2024

Түркістан облысында ағын су тапшы. Салдарынан, дихандар егіндерін суара алмай отыр. Себебі Өзбекстаннан келетін каналда жөндеу жұмыстары жүргізіліп, егіндік алқаптарға су беру тоқтатылған. Диқандар егер бірер күнде алқаптарға су жетпейтін болса, шығынға шаш етектен батамыз деп алаңдайды.

Ерте көктемде 3 гектар егістік жеріне қырыққабат еккен диқандардың бірі Нұрсейіт Рысбаев банктен 7 млн теңге несие алған. Қазір ағын судың тапшы болуынан көкөнісі қурап кете ме деп алаңдап отыр. Өйткені, егіс алқабын аптасына кем дегенде бір рет суғару керек болса, әупіремдеп жүріп бір айда бір-ақ рет су берген.

Нұрсейіт Рысбаев, диқан:

Суғармаған себебінен солиды капустамыз. Біз шығынға батамыз. Кредит алып отырмыз өкіметтен, КМФ- тен. Жауынға сеніп отырмыз қазір. Жауын жауса біздің егініміз көгереді, болмаса су жоқ.

Қазір диқандардың қырықабаты суғарылмағандықтан ауруға ұшыраған. Яғни, жапырақтарында ақ даңлақтар пайда болыпты. Келес ауданындағы Бірлесу, Ұшқын мен Алпамыс батыр ауылдық округтері толықтай Өзбекстаннан келетін каналдардан суарылады. Қазір, солардың бірі СТК каналында су тоқтаған. Салдарынан осы арнаға тәуелді Бірлесу ауылдық округінің 2900 гектар жеріне су бармай, шаруалар көктемгі дала жұмыстарына толық кірісе алмай отыр.

Сүлеймен Жылқыбаев, Келес ауданы әкімінің орынбасары:

СТК каналында перепадтың бұзылуына, ақау шығуына байланысты біз Бозсу ирригация басшылығын осында Қазақстанға шақыртып, қазіргі уақытта жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз.

Диқандар каналды қысты күні жөндемей, керек кезде неге бізді судан қысады деп наразы. Өйткені судың жоқтығынан көкөністері қураса, ешкім шығынды өтеп бермейді. Ал жауапты мамандар ағын суды бірер күнде береміз деген уәде берді.


Айнұр Әбілқасымқызы

Хабарламаларға жазылу