Премьер-Министр Олжас Бектенов отандық өндірісті ынталандыру үшін, жыл соңына дейін ірі кәсіпорындардың шағын және орта бизнес субъектілерімен жасалатын оффтейк-келісімшарттарының санын кем дегенде 2 есеге арттыруды тапсырды. Егер бұрын бұл жұмыс ерікті түрде жүргізілсе, қазір заңнамаға сәйкес, ірі кәсіпорындардың айналасында ШОБ белдеуін құру және олармен ұзақ мерзімді келісімшарттар жасасу міндеті бекітілген.
Бүгінгі таңда ірі тапсырыс берушілер мен отандық өндірушілер арасында моноқалаларда 24,5 млрд теңгеге - 20 ұзақ мерзімді шарт және 47,3 млрд теңгеге - 13 оффтейк-келісімшарт жасалды. Қазір 14 моноқалада 1,5 мыңнан астам кәсіпорын жұмыс істейді. Олар 70%-дан 100%-ға дейін жүктелген. Былтыр кәсіпорындардың өндіріс көлемі 18,5 трлн теңге немесе жалпы республикалық көрсеткіштің 40%-на жетті.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
Ірі компаниялардың айналасында шағын компанияларды, шағын бизнес субъектілерін құру жөнінде, ол ерікті түрде емес, ол олардың міндеті болуы керек. Ірі компаниялдарға біз өз тарапымыздан үкімет тарапынан оларға қолдау көрсетіп жатырмыз ғой, олар өз кезегінде осындай міндеттемелерді өздеріне алуы керек.