Әлемнің бірқатар бөлігінде ауа райы қолайсыздық танытып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әлемнің бірқатар бөлігінде ауа райы қолайсыздық танытып жатыр

01.04.2024

Әлемнің бірқатар бөлігінде де ауа-райы қолайсыздық танытып жатыр. Қытайда қатты жел соғып, бұршақ жауды. Ал Мадагаскарды су басып, 18 адам қаза тапты. Ондаған мың тұрғын эвакуцияланған. Испания мен Үндістанда дүлей дауыл тұрып, бірнеше адам мерт болды.

Қытайдың көп бөлігінде күн күркіреп, бұршақ жауды. Кейбір жерлерде оның диаметрі 69 миллиметрге жеткен. Және де жергілікті синоптиктер ауа-райының алдағы екі күнде де аса қолайсыз болатынын хабарлап отыр. Осыған байланысты Чунцин, Гуйчжоу, Хунань, Фуцзянь, Гуандун және Гуанси қалаларында халыққа сақ болу туралы ескерту жасалған. Ал Цзянси провинциясының астанасы Наньчанда қатты жел жылыжайларды, ағаштарды және көше шамдарын құлатты. Қаза тапқан немесе жараланған адамдар туралы мәлімет түскен жоқ.

Мадагаскарда тропикалық циклоннан жауын құйып, көптеген елді мекенді су басты. Соңғы мәліметке қарағанда, кемінде 18 адам қаза тауып, 20 мыңнан астамы қауіпсіз жерге көшірілген. Мұны осы елдің Қауіп пен апаттар жөніндегі басқармасы хабарлап отыр. Оның дерегінше, тағы төрт тұрғын жоғалып кеткен. Сонымен қатар, сағатына 210 шақырым жылдамдықпен жеткен жауынды дауылдан елдің солтүстігінде талай жол мен көпір құлады.

Испанияның бірқатар аумағында Нельсон дауылы ойран салды. Табиғи апаттан 4 адам қаза тапқан. Дауыл кезінде теңізде алып толқын көтеріліп, биіктігі 8 метрге жеткен. Желдің екпінінен ағаштар құлап, жолдарды су шайған. Ауа-райының қолайсыздығына байланысты елде Пасха мерекесіне байланысты іс-шаралар өткен жоқ. Көптеген өңірде қатты желге байланысты жарияланған сарғылт түсті ескертуі әлі де сақталып отыр.

Үндістанның солтүстік-шығысында алапат дауылдан 5 адам қаза тапты. Табиғи апаттан 367 тұрғын жараланып, ауруханаға түсті. Науқастардың кейбіреуінің халі мүшкіл. Оқиға Батыс Бенгалия штатының Джалпайгури қаласында болған. Құмды дауыл кезінде жел секундына 19 метр жылдамдықпен соққан. Екпінді жел мен нөсер жауыннан Ассам штатындағы халықаралық әуежайдың шатыры ұшты. Бірнеше ұшақ рейсі кейінге қалдырылған.

Арай Төлеген

Хабарламаларға жазылу