Ақтөбе облысында тұрғындар үйлеріне орала бастады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбе облысында тұрғындар үйлеріне орала бастады

01.04.2024

Ақтөбеде тасқынның беті қайтты. Елек өзенінің деңгейі түсіп, тұрғындар үйлеріне оралып жатыр. Арнайы құрылған комиссия су кірген үйлерді аралауды бастады. Аудандарда да жағдай тұрақталып келеді. Аймақтағы ахуалды Жақсыбек Кемал баяндайды.

Жақсыбек Кемал, тілші:

«Бұл Ақтөбенің іргесіндегі Кірпішті елді мекені. Екі күн бұрын менің артымда тұрған үйдің шатыры ғана көрініп тұрған еді. Алайда, судың беті қайтты. Қазір мұндағы жұрт комиссияның келуін күтіп отыр».

Қазір тұрғындар бүлінген дүние-мүліктерін далаға шығарып, үйлерін тазалап жатыр. Мұндағы баспаналардың кейбірінің іргетасы шөгіп, қабырғалары жарылып кеткен. Сондықтан үй иелері өтемақы жеткілікті көлемде төленсе дейді.

Эльмира Әбдірахманова, қала тұрғыны:

«Ауыр заттарымыздың бәрі қалды ғой. Қайда таси береміз. Екі этаж болмақ түгілі, үш этаж болса да таси алмағасын апара алмадық. Көріп тұрсыздар, су деген іште 1 де 20, бір метр 20 см. Подоконниктен асты».

Комиссия мүшелері қазір Астана ауданы аумағындағы су кірген үйлерді аралап жүр. Мамандардың айтуынша, тұрғындар арасында үйлері бүлінбесе де, жағдайды пайдаланып, өтемақы алып қалуға тырысатындар да бар. Дегенмен, қаржы әділ бөлінеді.

Жақсат Төлегенов, Астана ауданы әкімінің орынбасары:

«Кейбір азаматтар айтады, осы үйде тұрып жатырмыз, үйіме су кірді деп. Бірақ учаскелік полицейдің мәліметінше,ол үйде көптен ешкім тұрмайды. Сондай-сондай ақпараттар бар. Комиссия нақты жұмыс істейді.Кейбір адамдар расымен зардап шегіп жатыр. Ондай азаматтарға тиісті көмегімізді береміз».

Алыс елдімекендерде де жағдай қалыпқа түсе бастады. Бұған дейін Ойыл ауданының 9 ауылынан 1 200 тұрғын көшірілген еді. Оның 255-і ғана эвакуациялық орталықтарды паналап отыр. Бұл аймақта тасқыннан ең көп зардап шеккен елді мекеннің бірі – Екпетал.

Гүлпаршын Болатқызы, Екпетал ауылының тұрғыны:

«Екпетал, Жаңақоныс ауылындағы адамдарды, 50-60 үйді қырлы жерге көшіріп, сонда бір мектеп,бір медпункт, бір кітапханамызды салып, көшіргенді қалаймыз».

Ойыл ауданы бойынша 318 үйді су басқан. Екпеталдан бөлек, Қаратал мен Ақкемер ауылдарына көп залал келді. Облыста жалпы 757 баспана су астында қалды. Қазір өңірде жекелеген аумақтарды су тасқынынан қорғау жұмыстары жалғасып жатыр.

Жақсыбек Кемал


Хабарламаларға жазылу