Қазақстан Шығыс пен Батыс арасындағы негізгі көпірге айналып келеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстан Шығыс пен Батыс арасындағы негізгі көпірге айналып келеді

31.03.2024

БОАО деген туристік қала Қытайдың Хайнань провинциясының шығысында, Тынық мұхитындағы шағын аралда орналасқан. Ал Боао Азия форумы 2001 жылы құрылған. Форумды «Шығыс Давосы» деп атайды, атақты Давос форумындағыдай ірі саясаткерлер мен іскер адамдар және академиялық әлем лидерлерінің диалог алаңы болғасын.

Құрметті қонақ ретінде қатысқан Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев сөзінің мәлімдеме деп қарастыратын тұстары бар. Азияның дамуын «Азиялық ренессанс» деп сипаттаудан бастап, ағымдағы жаһандық сын-тегеуріндерге жауап ретінде алты бастама ұсынды. Мысалы, көпжақты сауда жүйесін құру, технологиялық, әсіресе жасанды интеллект саласында, сондай-ақ, сирек кездесетін шикізатты өндіру саласындағы ынтымақтастық туралы айтты.

Бірден айта кететін мысал–біздің Шығыс Қазақстанда литий өндіруге Оңтүстік Корея қатты талпынып отыр. Дегенмен ондай ой Ресейде де бар... Литий сияқты сирек металлдар әр түрлі стратегиялық секторларда – өнеркәсіпте, ғарыш және цифрлық технологиялар сияқты салаларда таптырмас компоненттер. Не үшін дейсіз бе? Мүлдем қалдық болмайтын деңгейге жету үшін қажет.

«Біз уран, литий, титан және басқа да сирек кездесетін элементтердің ірі кен орындарын игерудің ең тиімді тәсілдерін қолдану мақсатында халықаралық серіктестермен бірлесе жұмыс істей береміз», – деген Қасым-Жомарт Тоқаев. Бұл «белден басу» әрекеттерінің алдын алу бағытындағы мәлімдеме тәрізді...

Мемлекет басшысы, әрине, Қытаймен сауда-экономикалық байланыстарға да тоқталды. Былтыр Қазақстан мен Қытай арасындағы тауар айналымы 41 миллиард АҚШ долларына жеткен.

Еліміз Шығыс пен Батыс арасындағы негізгі көпірге айналып барады, өйткені Қытай мен Еуропа арасындағы құрлықтағы барлық тасымалдың 80%-ы біздің жерімізден өтеді.

Боаода Президент бірқатар кездесу де өткізді. Форумның жетекшісі Пан Ги Мунмен, мысалы. Оның БҰҰ Бас хатшысы болғанда Қ.Тоқаевтың Ұлттар Ұйымының Женева кеңсесін басқарғаны, Пан Ги Мунның орынбасары болғаны мәлім.Президенттің ол қызметке дейін жазылған «Нұр мен Көлеңке» деген кітабында Пан Ги Мунға қатысты қызықты детальбар.

БҰҰ Бас хатшысының сайлауына түсер алдында біздің Президентпен пікір алысады. Сіздің осы қызметке бару ойыңызда жоқ па деп сұрайды. Боао форумы туралы Шерхан Жамбылұлының материалы.


Хабарламаларға жазылу