Су саласы бойынша сарапшы: Салаға жүйелі өзгеріс керек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Су саласы бойынша сарапшы: Салаға жүйелі өзгеріс керек

31.03.2024

Қаланың ішінде көлшік мен балшықтан жүре алмай қалғанымызды айтып күңкілдеп жүргенбіз. Ұзындыққа секіруден норматив тапсырдық ғой, бірақ аяғың тайып, майып болсаң, кімнің несі кетеді? Сөйтіп резеңке етік алу керегін күнде ойлағанмен, үсті-үстіне жағылған батпақтан түсі қандай екенін өзің ұмытқан көлігіңе мінгесін шашыраған лай сумен ойың да шашырап кете бересің. Енді олай бұрқылау ұят. Себебі ауыл-аймақты, тіпті облыс орталықтарын су алып кетті. Су басып жатқан аймақтарда күн ызғарлы. Сондай қалшылдатып жіберетін күнде үйдің шатырында отырып көмек күткен адамдарды, суға ағарын білгендей қатты мөңіреген бұзаулы сиырларды көргенде жүйкеге тисе де, қаланың балшық көшесі жайына қалады.

Дидар Смағұлов есімді жемқорлықпен күресіп жүретін азамат фейсбуктегі парағында былай жазды: "Коррупция тыйылмаса, су басу тоқтамайды. Мысалы, қардан тазалау және тасқынға қарсы шараларға 7 млрд теңге бөлінген. Қостанай облысында 387 650 277 теңге, Батыс Қазақстан облысында 329 090 767 теңге, Ақтөбе облысында 210 795 219 теңге".

Ал Диас Нұрақын есімді журналист "тасқын деген бизнес" деп ащы мысқылдайды..."Қызыл суға деп қомақты қаржы жұмсап, қар суымен қалтаң қампайып шыға келеді. Есебі, сұрауы жоқ су ақша. Қырық мың тонна құм төседім, қапшық алдым, арық қаздым деп қағазға сүйкей саласың. “Қамданғаның қайда?” -деген адамға қызыл су жүріп өткен жыраны көрсетіп, бәрі ағып кетті...деп отчетты жаба саласың".

Иә, қанша қамдансаң да, табиғаттың асау мінезіне төтеп бере алмайтын жағдай болады. Әлемде солай. Оның үстіне жаһандық жылынудан табиғи тепе-теңдік бұзылған. Алайда алдын-ала қамданбағаннан да опық жейсің.

Өткенде Су және ирригация министрлігі биылғы мол жауған қарды ауыл шаруашылығына пайдаланамыз дегенге сеніп қалып едік. Ее, дұрыс, тірлік басталады екен ғой деп...Жемқорлық жойылмаса, халық жаңбыр жаумай-ақ су болатын күйге түсті деген публицист Қайнар Олжайдың сөзін бас тақырып қылып Амангелді Сейітханның материалын көрейік.

Хабарламаларға жазылу