Алматы облысында «Ворошилов» су қоймасының бөгеті бұзылды. Тоспадағы 1 млн текше метрден асатын су етегіндегі бірнеше елді мекенге қауіп төндірді. Қазір осы жерде әріптесім Қуан Нұрақын жүр. Қуан, бөгет жарылған аумақта жағдай қалай?
ҚУАН НҰРАҚЫН, ТІЛШІ:
Бөгет кеше түстен кейін сағат 4-ке таяу бұзылған. Қазір тасқын су Жармұхамет өзенінің аңғарымен ағып, төмен орналасқан Амангелді-1 және Амангелді-2 тоспасына құйып жатыр. Ондағы барлық шлюздер ашық. Алайда, осы екі көлдің жағасына Іле ауданына қарасты Қараой елді мекені ораласқан. Кеше кешкісін құзырлы орган қызметкерлері дабыл қағып, су басу қаупі бар аумақтағы тұрғындарды эвакуациялаған. Елді мекендегі мектеп ішінен 250 адамға орын дайындалды. Қауіпсіз жерде түнде 30 шақты адам түнеп шыққан. Жергілікті тұрғындар түнімен жанын шүберекке түйіп, ұйықтамағандарын айтады. Ал, жауапты мамандар су арнасынан асып немесе екінші бөгеттің жарылмауы үшін жұмыстарды әлі жалғастырып жатыр. Төтенше жағдайлар қызметімен қатар әскери бөлімнің сарбаздары жұмылдырылған . Сондай-ақ, көмекке жергілікті тұрғындар мен еріктілер де қосылған. Қазір су басудың алдын-алу жұмыстары әлі жүргізіліп жатыр. Бөгет аумағынан өтетін Байкент-Қараой бағыты бойынша тас жол жабылған. Су кірген тұрғын үйлер мен зардап шеккендер жоқ. Айта кетейін, бұзылған су қоймасы 1910 пайдалануға берілген екен. Қазір жеке кәсіпкердің қарауында. 2017 жылы 49 жылға сенімгерлік басқаруға өткен.