Жалпы соңғы күндері әлемнің әр түкпірінде ауа райы құбылып тұр. Айталық, Қырғызстан астанасы Бішкекте қатты дауыл соғып, төтенше жағдай жарияланды. Желдің жылдамдығы секундына 28 метрге жетіп, коммуналдық қызметтер күшейтілген режимге көшті. Қатты дауылдан мектептер мен балабақшалар зақымданған. Ағаштар құлап, ғимарат шатырлары қираған. Көліктер бүлініп, көшеде қозғалыс шектелді. Троллейбус желілері де зақымданған. Айта кетейік, төтенше жағдай үш күнге ұзартылды.
Мадагаскарға дүлей дауыл соққы берді. Жел секундына 55 метр жылдамдықпен соққан. Соңғы мәліметтерге сай, табиғи апаттан 11 адам қаза тапты. Аралдық мемлекет билігі су тасқыны мен лай көшкіні жүруі мүмкін екенін де ескертіп отыр.
Бразилияда бірнеше күн бойы толастамай жауған нөсер жауын мен су тасқынынан қаза тапқан адам саны 27-ге жетті. Тағы бірнеше тұрғын жоғалып кеткен. 7 мыңдай адам үйін тастап кетуге мәжбүр болды. Жүздеген баспана жермен-жексен болған. Елдің оңтүстік-шығысындағы тасқынға қоса, лай көшкіні жүрді. Ауа райын бақылау орталығы алдағы күндері тағы нөсер жаңбыр жаууы мүмкін екенін ескертті. Ғалымдар жалпы әлемде нөсер жауын, су тасқыны, аптап ыстық пен дүлей дауылдардың жиілеп кетуін климаттың өзгеруімен байланыстырады.