Алтынемелге баратын турист саны артып келеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алтынемелге баратын турист саны артып келеді

28.03.2024

Алтынемел мемлекеттік ұлттық табиғи паркі ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мұралары тізіміне енгелі танымалдылығы артып, турис көп баратын аймаққа айналды. Парктің жануарлар дүниесі молайып, қар барысының тұрақты мекені ретінде де көпшілікке мәлім бола бастады. Өңірдегі тілшіміз Қуаныш Қанатұлы ұлттық парктің тыныс тіршілігін көріп қайтты.

Қуаныш Қанатұлы, тілші:

Айғайқұм Алтынемел ұлттық паркіндегі халықтың ең көп келетін жері. Екі таудың ортасында бұл құмның қалай пайда болғаны әлі күнге дейін белгісіз. Белгілісі бұл құмды шоқтықтың ұзындығы үш шақырым. Ал биіктігі 150 метр. Ең жоғарғы нүктесіне жету үшін 1-1,5 шақырым жолды жоғары қарай жүріп өту керек.

Қатты жел соқса мұндағы құм сырғып, ұшақтың гүрілі сияқты дыбыс шығарады. Сондықтан да бұл жер айғайқұм аталып кеткен. Құмды тауды көруге туристер биыл да көп келіп жатыр. Әсіресе еуропалықтардың қарасы қалың.

Герион Винт, саяхатшы:

Мұндай ерекше құм басқа жерде, тіпті біздің елімізде де жоқ. Ең алдымен әрине ерекше дыбыс шығаратын құбылысына таң қаласың. Одан кейін керемет табиғаты мен жануарлар дүниесін де атап өткім келеді. Бұл біздің Қазақстанға алғаш сапарымыз. Тобымызда 40-тан астам адам бар.

Өткен жылы Алтынемелге 15 мыңдай турист саяхаттап келген. Биылдың өзінде тұмса табиғат пен аң құсты тамашалауға келгендер саны мыңнан асып отыр.

Александр Максимов, Алматы қаласының тұрғыны:

Алматыда тұрсақ та мына жерге аяғымыз енді жетті. Жұмыс, үй шаруасы деп жүре беріппіз. Енді міне зейнетке шығып ел аралап жүрміз. Жетісудың табиғаты керемет қой. Тау да бар, өзен де бар. Орман да бар, сайын дала жазығы да бар. Көл де бар, шөл де бар.

Табиғи және тарихи жәдігерлерге бай парк кейінгі жылдары қар барысының тұрақты мекеніне айналды. Соңғы санақ бойынша Алтынемел аумағында 17 ілбістің жүргені анықталды. Солардың жетеуінің мойнында GPS треккер орнатылған қарғыбау бар. Мысық тұқымдастардың қозғалысын мамандар жер серігі арқылы бақылап келеді.

Марғұлан Мұсабеков, «Алтынемел» МҰТП ғылыми ақпарат және мониторинг бөлімінің басшысы:

Бір қар барысымыз Қытайға барып, Қытайдан қайтып, Жоңғар Алатауына барып, сол жерде мекендеп жүр. Негізігі қорегі тауешкі болып табылады. Тауешкі, кекілік. Солар көп болғандықтан осы жерде мекендеп ұлттық паркте тығыз орналасқан.

Дәл осындай ерекше қорғалатын аймақта табиғат та, тарих та қаз қалпында. Аң-құсқа да қауіп жоқ. Президент ұлттық құрылтайда рухани жәдігерлерді сақтап қалуда халықаралық ұйымдардың тізіміне енгізу сияқты барлық тетіктерді қарастыруды тапсырған болатын.

Қуаныш Қанатұлы


Хабарламаларға жазылу