Халықаралық Мәскеу кинофестивалі аясында ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысымен түсірілген «Анаға апарар жол» фильмінің тұсаукесер көрсетілімі өтті.
Фильм сюжетінің желісіне ұлының басына түскен сынақтардан өтуіне көмектесетін ана махаббатының күші туралы оқиға өзек болған. Басты кейіпкер Ілияс (Әділ Ахметов) пен анасының (Алтынай Нөгербек) арасындағы ұлы сезім олардың басына туған барлық қиын күндерді артқа тастап, қайта қауышуына себепші болады.
Картинаның бас продюсері - Алия Назарбаева, режиссері - танымал қазақстандық кинематограф Ақан Сатаев.
Тарихи драманың түсірілім жұмыстары Қазақстанда, Беларусьте және Әзербайжанда жүргізілді.
Фильм 1930 жылдан бастап қазірге дейін аралықты қамтиды. Мұнда халықтың басынан өткен қиын-қыстау кезеңдер (ұжымдастыру, жұт, соғыс жылдары) басты кейіпкерлердің тұрмыс-тіршілігі арқылы беріліп отырады. Картинаға жалпы саны 2 мыңнан астам адам қатысқан. Негізгі рөлдерді Әділ Ахметов, Алтынай Нөгербек, Аружан Жазылбекова, Болат Әбділманов, Берік Айтжанов, Азамат Сатыбалды, Еркебұлан Дайыров, Асылбек Боранбай сомдайды.