Оралда бірнеше үй мен аулаларға қарғын су кірді. Осы айдың ортасынан бері қалалық штабқа 600-ге жуық өтініш түскен. Әсіресе Зачаган, Деркөл кенттері мен Ескі әуежай, Екінші жұмысшы шағын аудандарында жеке тұрғын үйлерді су басу қаупі жоғары. Қазір облыс бойынша көше мен ауладағы суды сорып, шығаруға 200 техника, 87 мотопомпа мен 519 адам жұмылдырылған.
Кәріз коллекторының еріген қар суына толып кетуіне орай, қала бойынша су беру қысымы төмендетілді. Жауын мен күшті желдің кесірінен шаһардың бір бөлігінде 750 абонент жарықсыз қалды. Қазір электр желісі қалпына келтіріліп жатыр. Жалпы қала бойынша табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды жоюға 185 млн теңге бөлінді. Жағдай ушықса, төтенше жағдай жариялануы мүмкін, - дейді мамандар.
Нұралы Мүсиев, Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басқарма бастығы:
Үйлердің іргетасы өте төмен. Сосын ауладан қар шығарылмайды. Үй төмен жерде орналасқан. Көшеден келетін су бар - сонымен бәрі қосылып үйге су кіру фактісіне әкеледі. Ауа температурасының көтерілуі мен жаңбырдың әсерінен жағдай қиындап кетуі мүмкін. Бүгін қатты жаңбыр. Ертең 27-28-і күндері де кей уақытта жаңбыр болады.
Ардақ Мұратқызы