Стамбұлда Наурыз мерекесі тойланды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Стамбұлда Наурыз мерекесі тойланды

26.03.2024

Стамбұл қаласында оқитын қазақ студенттері Ұлыстың ұлы күні Наурызды атап өтті. Қазақстан мәдениет және сауда орталығына жиналған жастар ән айтып, би билеп мерекенің сәнін кіргізді. Алыста жүрсе де ұлттық мейрамды ұлықтаған студенттерге мерекелік кешке жиналған үлкендер бата беріп, ризашылықтарын білдірді. Түркиядағы Наурыз тойы туралы толығырақ Айдос Әшімұлының материалында.

Биылғы Наурызды Стамбұлдағы студенттер ерекше атап өтті. Алдымен қала сыртына шығып, мерекелік дастархан үшін арнайы қой сойып, үлкендердің батасын алды. Ораза айымен тұспа-тұс келген ұлық мейрамды ауызашармен ұштастырып, көңілді кеш өткізді. Бұл игі іске «Бірлік» қазақ жастары ұйымы мұрындық болды.

Талғат Алахыш, «Бірлік» қазақ жастары ұйымының белсендісі:

Біздің балалар бүгін барлығы атсалысты. Біздің мақсатымыз барлық Қазақстанның студенттерінің басын қосып өз тілін салт-дәстүрін ұмытпауы. Әр мерекеде мысалы ауызашарлар ұйымдастырып тұрамыз, жаңа жылды, міне бүгін наурыз мерекесін өткіздік.

Наурыз тойына жиналған жастар ұлттық киім киіп, домбырамен ән салып, мың бұрала би билеп кештің көркін қыздырды. Түрлі ойындар ойнатып сыйлықтар үлестірілді. Ең әдемі ұлттық киім кигендерге арнайы жүлделер де берілді.

Аяулым Асқарбаева, Түркияда оқитын студент:

Бүгінгі Наурыз мерекесінен алған әсерім тамаша. Себебі өзімнің ойымдағыдай өтті. Тіпті одан да күшті өтті десем болады. Қыздар мен балдар өздерінің өнерлерін көрсетіп өте жоғары дәрежеде өтті. Алғысымды білдіремін осы мәдениет орталығына және «Бірлік» қазақ жастарына.

Қымбат Тасболатова, Түркияда оқитын студент:

Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ домбыра дегендей бізді домбырамен қарсы алып, әндерімен, ойындарымен қарсы алды. Бүкіл қонақтарға ұнады деген ойдамын. Өз мемлекетімізден, жанұямыздан алыста болсақ та біз осы жерде бір отбасы сияқты кешті өткізіп жүрміз. Кез келген мерекені бірге өткіземіз.

Кештің соңында ауызашар беріліп, қазақы дәстүрмен табақ тартылды. Қонақтар жеті түрлі тағам қосып пісірген наурыз көжеден дәм татты. Шетелде жүрсе де салт-дәстүрін ұмытпай, ұлттық мерекені ұлықтауға жиналған жүзге жуық студент бір үйдің баласындай тату тәтті тарасты.

Айдос Әшімұлы


Хабарламаларға жазылу