Пияздан пайда болмай тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Пияздан пайда болмай тұр

19.03.2024

Жамбылдық шаруалардың 15 күн уақыты бар. Пияз еккен дихандарды өнім сәуір айына дейін сатылмаса, жаппай жарамсыз болатынын айтады.

Бүгінде облыс қоймаларында сақталған 138 мың тонна пияз шетінен шіри бастады. Өйткені келісі 30 теңге болса да, сұраныс жоқ. Өңірде көкөністің бұл түрімен 1 100-ге жуық шаруа айналысады. Олар елдегі пиязға деген сұраныстың 75 пайызын жауып отыр. Ал байзақтық шаруалар қап-қап пиязды қоқысқа шығаруға мәжбүр. Дихандар дән себу үшін де несие алған. Енді олар көмек ретінде төлем уақытын созып берді сұрайды.

Медет Айтжанов, шаруа:

10 гектарға пияз ектім, әр гектарына орта есеппен есептегенде 2 млн теңгеден қаржы кетеді. Күн жылымыққа түсті. Енді бір 10-15 күннен кейін пияз жарамай қалады. Сорттап қойған қалған пиязымыздың өтіміне Үкіметтен көмек болса екен. 

Жамбылда былтыр пияз 24 мың гектарға егіліп, 780 мың тонна өнім жиналған. Бұл жылдағыдан үш есеге артық. Ал негізгі тұтынушы Ресейде пияз бітік шыққан. Сондықтан экспорт көлемі төмен. Жауапты мамандар өнімді өзге өңірлер мен Пәкістанға жеткізу жолын қарастырып жатыр. Айта кетейік, биыл елімізде 1 млн 100 тонна пияз жиналды. Оның 350 мың тоннасын ішкі нарық тұтынады.

Нұрби Жігітеков, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

Фермерлермен кездесіп, осы пияз өнімдеріне келісімшарт жасау, өңірлерде пияз жетіспеушілігі болса кездесу аясында келсімшарт жасап, ары қарай алып кетуге, сондай жұмыстар жүргізуге тапсырма бар.


Хабарламаларға жазылу