Ресейліктердің банктер алдындағы қарызы рекордтық көрсеткішке жетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ресейліктердің банктер алдындағы қарызы рекордтық көрсеткішке жетті

18.03.2024

Ресейліктердің банктердің алдындағы қарызы рекордтық көрсеткішке жетті. Осы айда іргелес елге салынған санкция саны тағы өскен. Сондықтан елді қымбатшылық жайлады. Толығырақ тілшіміз Индира Бегайдардың бейнематериалынан.

Ресейліктердің банктердің алдындағы қарызы 32 трлн рубльге жетті. Красноярск, Башқұртстан, Мәскеу және Челябі облысының тұрғындары қарызға белшесінен батқан. Былтыр бір басында үш несиесі бар тұрғын саны 11 миллион адамнан асты.

Артем Кирьянов, Ресей салық төлеушілер одағының басшысы:

Жалпы бұл мәселе қоғамда алаңдатушылық туғызып отыр. Сондықтан енді банктердің жарнамасына баса көңіл бөлінбек. Монополияға қарсы агенттік қаржы ұйымдарына айыппұл салғанымен, нәтиже болмай тұр.

Ай сайын төленетін несие көлемі табысының 50 пайызынан асқан жағдайда тұрғындарға несие бермеу ұсынылды. Микроқаржы ұйымдарының да жұмысы реттелмек. Елде инфляцияға байланысты қымбатшылық белең алған.

Сергей Денисов, Мәскеу қаласының тұрғыны:

Санкция ең алдымен өндіріске әсер етті. Өйткені логистика үзілді. Әрине, әлі көптеген тауарлар түрін өзімізде шығармасақ та, отандық өндірушілер қазір экономикалық шектеулер аясында өз өнімін көбейтуде.

Елде санкцияға байланысты доллардың рубльге шаққандағы құны тағы өсті. Ал мамандар егер Орталық банк базалық мөлшерлемені алтыншы рет көтерсе, онда әлеуметтік маңызы бар тауарлар 15-30 пайызға қымбаттайтынын айтады.


Хабарламаларға жазылу