Елімізде Наурызнаманың үшінші күні мәдениет пен салт дәстүр күні деп белгіленген болатын. Осыған орай, Талдықорғанда бір мезетте елу бүлдіршіннің тұсауы кесіліп, Қазақстанның рекорды орнатылды. Бөбектердің тұсауын мемлекеттік қызметшілер, қоғам қайраткерлері, мәдениет және спорт саласының майталмандары, ұлт зиялылары мен танымал тұлғалар кесті. Сондай-ақ мұндай құрметке мұғалімдер мен дәрігерлер, кәсіпкерлер, мәслихат депутаттары да ие болды. Мұндай шара ел бойынша алғаш рет ұйымдастырылып отырғанын Қазақстан рекордтар кітабінің ресми өкілі де растап, тіркеді.
Бақытқайша Меңдекина, қала тұрғыны:
Менің осы 72 келген жасымда бір көрмеген нәрсем, 50 баланың тұсауын бір мезетте кесу деген бұл енді рекордқа жатады деп ойлаймын. Келешегіміз ғой. Бұлардың болашағы жарқын болсын. Осы ағаларының жолын берсін деп тілеймін Алладан.
Бақытжан Тастүлеков, Қазақстан рекордтар кітабының ресми өклі:
Спорт секілді бәсекелестік нәрсе ғой. Сондықтан жаңағы басқа өңірде, немесе осы Талдықорғанның өзінде 50 бала емес, одан көп баланың тұсауын кесіп сондай шара өткізсе әрине бұл рекорд жаңартылған болып есептеледі.
Қуаныш Қанатұлы