Маңғыстауда «Амал» мерекесі аталып өтті. Әз-наурыздың бастауы – Амалды жергілікті тұрғындар мен қонақтар әдеттегідей Отпан таудың басында тойлады. Мерекелік бағдарламаның аясында ұлттық спорт түрлерінен жарыстар, көрмелер ұйымдастырылып, татулық пен ынтымақтың белгісі «Бірлік оты» жағылды. Осы өңірдегі тілшіміз Аягөз Оралбайқызы тарқатады.
Аягөз Оралбайқызы, тілші:
14-наурыз Амал мерекесі-Жаңа жылдың келуін білдіреді. Сондықтан маңғыстаулықтар бұл күнге ерекше мән беріп, көрісіп амандасады. Бұл ұлттық салт дәстүрді көрсете отырып, халықтың бірлігін насихаттайтын мереке. Биыл да Отпан таудың басында сән салтанатымен аталып өтуде.
Амал-береке-бірліктің, татулықтың мерекесі. Қыстан аман шыққан халық таңмен таласа тұрып, бір-бірімен көріседі. Кішілер үлкендерге сәлем береді, ал үлкендер батасын береді. Өкпе-реніш ұмытылып, ағайынмен сыйластық арта түседі.
Мәлік Өскенбай, Орал қаласының тұрғыны:
Егемендіктік арқасында ескі дәстүр жалғасып жатыр. Осы тек қана Батыс өңірде Орал, Ақтөбе, Маңғыстау, Атырау емес, жалпы қазақ елінде осы мінеки Амал мекерекесі үрдіс алып келе жатыр. Бұл бірлік мерекесі деп аталып жатыр. Еліміздің бірлігі артып, амал мерекесінен амал мерекесіне еліміз аман жетіп, жақсылық жалғаса берсін деген тілегіміз бар.
Елдің бірлігін нығайтуға арналған шара жылда Отпан тауда өтеді. Осы жолы да қара таудың ең биік шоқысында 40 тан астам киіз үй тігілді. Олардың әр қайсысында тұрғындар мен қонақтарға ұлттық тағамдардан дастархан жайылды. Мерекеге алыс-жақын шет елде тұратын этникалық қазақтар да шақырылды. Олар ұлттық болмысымыз бен құндылықтарымызды қаз-қалпында сақтаған жергілікті халыққа риза.
Мандоки Онайша, этникалық қазақ:
Біздер бала кезімізде таңертең ұйқыдан тұрамыз да бірден бәріміз жүгіріп, көршілерге барып көрісіп, осы наурызбен құттықтаймыз. Ол уақытта әжелер аталар «ой айналайын, жасың ұзақ болсын деп біздерге өздерінің тәтті ол кезде сарысекер, ірімшік, кәмпит деген аз. Маңғыстауға келгендегі ішкі дүнием, біз әлі тірі екенбіз ғой, біз әлі жасаймыз. Барлық салт-дәстүр, әдеп-ғұрып бәрі бар екен.
Амал мерекесінің жыл өткен сайын ауқымы кеңейіп келеді. Өйткені Орталық Азия елдерінен келушілер көп. Биыл да Өзбекстан мен Қырғызстаннан және Түркия мемлекетінен тарихшылар мен жыршылар келді.
Ирфан Гөрдал, Түркия республикасы «қырғыз, түрік, манас» университетінің оқытушысы, профессор:
Амал мерекесіне бірінші рет келдім. Бұрында наурыздарды көрдім сіздің. Түркі әлемінің келе жатқан наурызы құтты болсын. Денсаулық берсін. Ынтымақ болсын түрік елдері арасында. Құттықтаймын.
Қара таудың баурайында өткен аламан бәйге мерекенің көркін қыздырды. 40 қа жуық тұлпардың арасынан Мұнайлы ауданы атбегісінің жылқысы оза шауып, бас жүлде «темір тұлпарды» иеленді. Мерекелік шара одан әрі эстрада жұлдыздарының концертіне ұласты. Ал соңында ынтымақ пен татулықтың көрінісі болған - «Бірлік оты» да жағылды.
Аягөз Оралбайқызы