Қазақстан-Әзербайжан: сауда айналымы 2020 жылдан бері 5 есе өсті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстан-Әзербайжан: сауда айналымы 2020 жылдан бері 5 есе өсті

12.03.2024

Қытайдан Еуропаға жүкті ең жылдам жеткізетін жол - транскаспий халықаралық дәлізі. Тез бұзылатын, немесе жылдам жеткізілуі тиіс тауарлардың барлығы Қазақстан арқылы өтеді. Сондықтан, Қазақстан үшін темір жолдағы, кедендегі мәселені жылдам шешіп, Әзербайжанмен байланысты нығайту маңызды. Бүгінгі Президент сапары да екеуара ынтымақтастыққа тың серпін берері сөзсіз. Саясаттанушылар мен сарапшылардың пікірі осындай.

Қазақстан мен Әзербайжанның алыс-берісі өткен жылы рекордтық көрсеткішке жетті. КЕСТЕ: Президенттің айтуынша, 2020 жылдан бастап екі елдің тауар айналымы 5 есеге , яғни 109 млн доллардан 529 млн долларға ұлғайды. Оған қоса транзиттік мүмкіндікті арттыру қос ел үшін де тиімді. Қасым-Жомарт Тоқаев 2030 жылға дейін Қазақстанда 11 мың шақырым жол жөнделіп, 5 мың шақырымнан астам жаңа темір жол төселетінін мәлімдеді.

Әлемдегі геосаяси жағдайға байланысты қазір Транскаспий халықаралық көлік дәлізінің маңызы артқан. Қытай мен Еуропа арасындағы ең жылдам жол осы.

Ернар Серік, экономикалық зерттеулер институты сауда саясатын дамыту орталығының директоры:

Сол дәліз арқылы Қытай мен Еуропаның арасында өткен тауарлардың тек 5 пайызы өте алады. Сондықтан ол конкурентті емес, ол альтернативті жол. Сол 5 пайызды керек, жылдам жеткізетін тауарларды жібереді деп ойлаймын. Себебі теңіз арқылы тасымалдау әрине тиімдірек, бірақ уақытты көп алады.

Эльшад Мирбашироглу, Әзербайжан милли мәжілісі парламентаралық байланыс бойынша жұмыс тобының мүшесі:

Біз ұлы жібек жолы, орта дәлізді дамытсақ, Қазақстан мен Әзербайжанның Еуропадағы рөлі де маңыздылығы да нығая береді. Ал, транзиттік әлеуетіміз өте жоғары екені белгілі. Тек бірлесе жұмыс істеуіміз керек. Осы ортақ мүдде екі елдің саяси экономикалық байланысының нығая түсетініне кепілдік береді.

Екі ел арасындағы бизнес байланысы да бекем. Қаржы құйып түрлі салада қазмет етіп жатқандар жетерлік. Мәселен Әзербайжанда тіркелген «Әкелік груп» компаниясы Қазақстандағы екінші ірі жобасын аяқтауға жақын.

Ильхам Мамедов, кәсіпкер:

Қазақстанда жұмыс істеп жатқан 6 жылдың ішінде мемлекеттен де, өзгелерден де қысым көрмедік. Заңды жұмыс істесең болды. Біздің компанияның орталығы Әзербайжанда тіркелген. Екі елдің арасындағы достық қарым-қатынастың арқасында осы уақытқа дейін бюрократиялық кедергілерге кезікпедік.

Себебі елдердің үкіметаралық, парламентаралық байланысы мығым. Түйткілді мәселелердің барлығы заңмен реттелген.

Самед Сеидов, Әзербайжан милли мәжілісінің комитет төрағасы:

Қазақстан мен арадағы ынтымақтастықты ерекше байланыс ретінде бағалауға болады. Тамыры мен тарихы ортақ, бағыты мен бағдары, мүддесі мен мақсаты бір елдердің арасында қарапайым ғана әріптестіктің орнауы мүмкін емес. Сондықтан Қазақстан мен Әзербайжанның ынтымақтастығы өте жоғары деңгейде қалыптасып отыр.

Соңғы қол жеткізілген келісімдердің арқасында бірлескен ірі жобалардың саны да арта беретіні сөзсіз. Себебі мемлекет басшысы атап өткендей Қазақстан мен Әзербайжан ынтымақтастығының жаңа дәуірі басталды.


Оңғар Алпысбайұлы

Хабарламаларға жазылу