Қарағанды облысында көктемгі су тасу кезеңіне байланысты 150 елдімекен жіті бақылауда. Бұл ауылдар өңірдегі екі ірі Нұра, Шерубай-Нұра өзендеріне, тоғандар мен гидротехникалық нысандарға таяу орналасқандықтан қызыл судан қауіп бар. Ғарыштан жасалған мониторинг негізінде облыс аумағын әлі ақ ұлпа басып жатыр. қардың қалыңдығы 5-20 сантиметр шамасында. Ал жердің тоңы 1-1,5 метрге дейін жетеді. Соңғы екі жылда Қарағанды қаласының көшелерін қызыл су басу жағдайлары болды. Осыған байланысты 2 мың метр суағар құбырлары ауыстырылып, қалғаны тазартылған. «Сәуір айының басында ауа райы күрт жылып, тасқын қауіпі күшейеді»,-дейді мамандар.
Мұрат Қатпанов, облыстық ТЖД басшысы:
Жоғары қауіпті аудандарға Шет, Қарқаралы, Осакаров, Бұқар жырау, Нұра аудандары жатады. 150 елдімекендерді қазір бақылауда ұстаудамыз. Ол елдімекендер қорғаныс бөгеттерімен қоршалған. Су құбырлары да істелген, жол бойындағы көпірлер, құбырлар тазартылған.
Руслан Нұрланұлы