Әзербайжан арқылы қазақ мұнайының экспорты 50 пайызға артады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әзербайжан арқылы қазақ мұнайының экспорты 50 пайызға артады

11.03.2024
Әзербайжан арқылы қазақ мұнайының экспорты 50 пайызға артады

Әзербайжан арқылы қазақ мұнайының экспорты 50 пайызға артады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Бакуге жасаған мемлекеттік сапары кезінде осындай келісімге қол қойылды. Сапар барысында Қазақстан басшысы Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевпен келіссөз жүргізіп, сан-салада байланысты бекемдей түсуге келісті. Әрі тараптар Жоғары мемлекетаралық кеңестің алғашқы отырысына қатысып, сауда көлемін арттыру жайын талқылады.

Былтыр Қасым-Жомарт Тоқаев Бакуге жұмыс сапарымен келгенде, Әзербайжан президенті ендігіде әріптесін мемлекеттік сапармен келуге шақырған еді. Бұл рамазан айының алғашқы күнімен тұспа-тұс келді.

Мемлекет басшысын Гейдар Әлиев әуежайынан Әзербайжан премьер-министрінің бірінші орынбасары қарсы алды. Халықаралық протоколға сай бұл үлкен құрметтің белгісі. Ал осы кезде қазақ басшысын қарсы алу үшін қызу дайындық жүріп жатыр еді. Кілем төселіп, оркестр әнұранды орындаумен болды.

Досжан Маратұлы, тілші:

Бұл Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевтің қала сыртындағы резиденциясы. Аса мәртебелі меймандарды күтетін Загульба сарайы. Ильхам Әлиев әріптесі Қасым-Жомарт Тоқаевты міне, осында барлық сән-салтанатымен қарсы алды.

Қос елдің әнұраны шырқалып, президенттер бір-бірінің делегация мүшелерімен қол алысқан соң, алдымен шағын құрамда кеңесіп, сауда-экономикалық, көлік-транзиттік, энергетикалық салаларды арттыру жайын екеуара талқылап алды. Әрі Қасым-Жомарт Тоқаев Ильхам Әлиевті президент сайлауындағы айқын жеңісімен құттықтауды да ұмытқан жоқ.

Әзербайжан түбі бір бауырлас ел ғана емес. Стратегиялық серіктес. Тіпті қос ел ынтымақтастықтың жаңа дәуіріне қадам басты деді президент. ((КЕСТЕ))Сауда-саттық көлемі 2020 жылдан бері 110 миллион доллардан 530 миллион долларға, яғни 5 есе артты. Ендігі меже тауар айналымын 1 миллиард долларға жеткізу. Осы мақсатта былтыр Жоғары мемлекетаралық кеңес құрылған еді. Бүгін соның алғашқы отырысы өтіп, алыс-берісті арттыру жайы талқыланды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Бұл бағытта жұмыс істеу керек, алайда қазіргі сауда қарқыны оң бағалауға лайық. Елдеріміз айтарлықтай экономикалық әлеуетке ие. Біз бұдан да зор жетістікке жетеміз деп ойлаймын. Шын мәнінде, ынтымақтастықтың ауқымы өте кең. Біз бүгін мұнай мен газдан бөлек, көлік пен логистикадан бастап, цифрландыруға дейінгі мәселелердің бәрін қарастырдық.
Иә, соңғы бір жарым жылда Ильхам Әлиев қазақ жерінде 4 рет болса, Қасым-Жомарт Тоқаев осымен үшінші рет Каспий асты. Осыдан-ақ қатынастардың қарқын алғанын аңғаруға болады. Өйткені геосаяси ахуал ушығып, логистика жүйесі бұзылған тұста, Транскаспий, яғни Орта дәліздің маңызы артты. Ал осы халықаралық көлік бағытында Қазақстан Азияға, Әзербайжан Еуропаға шағаратын қақпа. Каспий – көпір. Сондықтан көлік-логистика саласын дамытуға тараптар ерекше ден қойып отыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Біз бүгін бүкіл әлемде ресурстардан бөлек, көлік-логистика саласындағы мүмкіндіктерге қол жеткізу үшін бәсекелестік күшейіп келе жатқаны туралы айттық. Бұл – стратегиялық сала. Қазақстан да, Әзербайжан да сенімді серіктестіктер ретінде бұл бағытта тығыз қарым-қатынас жасап жатқаны қуантады.

Транскаспий бағытын дамыту үшін Қазақстан Қытайдың Сиань қаласындағы портында жүк терминалын ашқан еді. Көп кідірмей ол жерден Қытай-Қазақстан-Әзербайжан бағытында алғашқы жүк пойызы жолға шықты. Араға 11 күн салып, Апшеронға келген оны мемлекеттер басшылары бүгін телекөпір арқылы қарсы алды.

Қазыбек Майгелдинов, сарапшы:

Қазақстан осы Транскаспий бағытын жүзеге асыру арқылы Қытайдан Еуропаға шығатын жолға өзі қосылады. Одан бөлек, еліміздің экспорттық әлеуеті де артады деп күтіліп отыр. Сондықтан транспорттық, әсіресе көліктік логистикалық бағыттағы жаңа терминалдардың ашылуы, жаңа құрғақ порттардың ашылуы бұл елімізщдің инвесторлары үшін де тартымдылығын жоғарылатады.

Хабарламаларға жазылу