Жасыл желекті жайқалтқан арулар - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жасыл желекті жайқалтқан арулар

07.03.2024

Қызылорда облысында орман шаруашылығы саласында 60-қа жуық қыз-келіншек еңбек етеді. Табиғат қорғаушысы атанған арулар ерлермен бірге иық тіресіп, қызмет бабында түрлі қиындықтарды еңсеріп келеді. Бел жазбай жасыл-желекті күтіп-ұстайтын бұрымдылардың қызметтік міндеті қандай? 

Шөлді далаға тән аймақтың негізгі орман қоры сексеуіл, жыңғыл алқаптары. Қалың тоғайда әсіресе күз-көктемде өрт жиілейді. Орманшы-инспектор Гүлнар Серғозиева ерлермен қатар кезекшілікке түсіп, далалық жерге табиғатты қорғауға шығады. Көптің жүрегі дауалай бермейтін биік мұнараға көтеріліп, айналаны бақылауда ұстайды.

Егер алқапта жалын тұтанған жағдайда мекеменің өрт сөндіру бригадасы да жедел әрекетке дайын тұрады. Мұнан бөлек, орманшы-инспекторлар шабуға тыйым салынған сексеуіл ағашын бұтайтындардың жолын кеседі.

Гүлнар Серғозиева, орманшы-инспектор:

Әрбір жұмыстың өзінің қиыншылығы да, қызықшылығы да болады. Жалпы ұжым жақсы болған жерде жұмыс істеу де оңай ғой. Сен әйел кісісің, әлсізсін деп олай шететуді көрген емеспін. Қолдау береді әрқашанда. 

Өңірде орман қорын ұлғайту үшін әр ауданда тал өсіретін тұқым бақтары бар. Ажар Есенкелдиева әрбір егілген көшеттің есебін жүргізіп отыратын маман. Жалпы сырдариялық орманшылар терек, сыр талынан бөлек, жыл сайын сексеуіл көшеттерін өсіріп Аралдың ұлтанына жөнелтіп отыр.

Ажар Есенкелдиева, орманшы-инспектор:

2023 жылы 10 гектар сексеуіл егіліп, Аралдың ұлтанына 1 млн, 352 мың сексеуілмен қамтамасыз етілді. Және биыл жаңадан қарабарақтың тұқымын 16495 келі тұқым жинап бердік.

Бүгінде еліміздің қай саласында болмасын білім-біліктілігімен, іскерлігімен көпке үлгі болып жүрген қыз-келіншектер жетерлік. Солардың қатарында Сыр өңірінің орманшы арулары да бар.

Әділбек Серікұлы


Хабарламаларға жазылу