Жаңаөзенде мектептерге білім-инновация лицейлерінің тәжірибесі енгізілуде - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жаңаөзенде мектептерге білім-инновация лицейлерінің тәжірибесі енгізілуде

06.03.2024

Жаңаөзенде орта мектептерге Білім инновация лицейлерінің тәжірибесі енгізілуде. Бүгінде 11 мектеп қамтылған. 800 ге жуық мұғалім арнайы дайындықтан өтті. Жоба жетекшілері енді ата-аналарды оқытуды қолға алды. Себебі мектеп, оқушы және ата-ана ынтымақтастықта болса ғана, білім нәтижелі болмақ. Осы мақсатта «Отбасының рухани өзегі-ұрпақ сабақтастығы» атты форум өтті.

Алғаш ұйымдастырылған шараға ата-аналар көп қатысты. Олар алдымен балалардың тәжірибелік жұмыстарын тамашалады. Оқушылар түрлі эксперимент жасап, оны күнделікті өмірде қолдануды көрсетті. Ясин Сәрсенбай да көрмеге тыңғылықты әзірленген. Ол жеміс-жидектің адам ағзасына қаншалықты пайдалы екендігін зерттепті.

Ясин Сәрсенбай, Оқушы:

Мен апаймен бірге биология пәнінен тәжірибе жасадым. Банан ол адамның күлкісіне байланысты. Мысалы таңертең жесеңіз, күнде күлімдеп жүресіз, ол эмоцияға байланысты. Менің қолымда тұрған жаңғақ ол адамның миына ұқсайды. Оның құрамында омега3 бар. оны көп жесеңіз мыйды қартайтпайды.

Форумның мақсаты- білім мен қатар тәрбиені күшейту. Отбасы мен мектеп арасында байланысты нығайту. Интернет дәуірінде бала мен ата-ананың тығыз қарым-қатынасын қалыптастыру. Осы бағытта білім беру саласының тәжірибелі мамандары мен психологтар ата-аналармен пікір алмасып, бағыт-бағдар берді.

Алмагүл Өсербаева, Жаңаөзен қаласының тұрғыны:

Тәрбие - ата-анаға байланысты ғой негізі. Тек мектепке бердім деп мектептің жағасынан алмай. Осыған күшті әсерлі сабақ алып тұрмын өзіме, ұнады.

Нұрбек Нұрлыбаев, Жаңаөзен қаласының тұрғыны:

Бала тәрбиесімен көбінесе ата-аналардың ішінде әкелер айналысуы керек екенін түсіндім. Оның ішінде әкелердіңі өте рөлі зор болатынына көзім жетті.

Жоба Жаңаөзен қаласында 2021-жылы басталған. Білім инновация лицейлерінің тәжірибесі 11 мектепке енгізілді. Онда 10 мыңдай оқушы бар. Келесі жылы тағы 5 білім беру ұйымы қамтылмақ. Жергілікті мұғалімдер Астанадағы лицейлердің озық тәжірибесімен танысып, арнайы курстардан өтуде.

Ержан Әубәкіров, Білім-инновация халықаралық қоғамдық қорының бірінші вице-президенті

Тек қана мұғалімді ғана оқыту жеткіліксіз, ата-анамен жұмыс мәселесін қатты қолға алу керек. Себебі баланың негізгі негнізгі тәрбие алатыны ол отбасы. Және байқағанымыз, мұғалімдер жақсы жұмыс істеп, өзгеріп, олар балаларды қызықтыра алса да, брақ ата-ана жағынан талпыныс, сұраныс болмайтын болса, бұл жұмыстың жүрмейтінін көрдік.

Форум аясында психологтар бала тәрбиесі және мектеп, ата-ананың рөлі тақырыптарында жеке шеберлік сағаттарын өткізді. Көпшіліктің сұрауымен мұндай жиындар енді жиі өткізілмек.

Аягөз Оралбайқызы


Хабарламаларға жазылу