Халықаралық олимпиада жеңімпаздары мен жүлдегерлері марапатталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Халықаралық олимпиада жеңімпаздары мен жүлдегерлері марапатталды

26.08.2021

Елордада халықаралық пәндік олимпиада жеңімпаздары мен жүлдегерлері марапатталды. Өңірлердегі «Білім-инновация» лицейлерінде оқитын жас ғалымдар Ресей, Португалия, Жапония, Түркия мен Литвада өткен білім сайыстарында жақсы нәтиже көрсеткен. Әлемнің үздік оқушылары арасында олар информатика, математика, физика, химия, биология және геграфия пәндері бойынша бақтарын сынаған болатын. Бүгін топ жарып, жүлдегер атанғандар мен олардың ұстаздарына бағалы сыйлықтар табысталды.

Ерасыл Сапарбеков, география пәні бойынша халықаралық олимпиада жүлдегері:
Өте қатты қуанып тұрмын шынымды айтсам. Өйткені қаншама баланың арасынан орын алу мен үшін бақыт болды. Алдағы уақытта мен өзі білімімді дамыта беремін. Шыңдай беремін. Бұдан да жоғары марапаттар алуға барымды саламын.

Халықаралық деңгейдегі білім сайыстарында қазақстандық оқушылар соңғы жылдары табысты еселеп отыр. Биыл 26 бала жүлдегерлер қатарынан көрінді. Оның 10-ы «Білім-инновация» лицейлерінің жас ғалымдары. Айта кетерлігі, соңғы 10 жылда алғаш рет қазақстандық оқушы - атыраулық Айбек Мырзатаев математика пәні бойынша алтын медальға ие болды. Білім ошағының өкілдері мұндай сайыстар жас дарындар үшін әлемнің үздік 10 жоғары оқу орындарына үлкен жолдама дейді.

Дархан Өте, «Білім-инновация» халықаралық қорының президенті:
Асқар Жұмаділдаев ағамыздың жақсы сөзі бар «қазақтың балалары өте ақылды болып келеді» деген. Шынымен, қазақтың балалары өте ақылды, дарынды. Біздің оқушыларымыз әлемдік деңгейде өздерінің білімдерін жоғары деңгейде көрсетіп,  осылардың қатарын көбейту мәселесінде жұмыс жасап жатырмыз. 

Дарын Сағитов

Хабарламаларға жазылу