Доссор кентінде мәдениет ошағы мен кітапхана салынады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Доссор кентінде мәдениет ошағы мен кітапхана салынады

04.03.2024

«ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы Атырау облысының Мақат ауданындағы әлеуметтік мәселелерді шешуге қаржы бөледі. Нақтырақ айтқанда, Доссор кентіндегі сортаң жерлерді қалпына келтіріп, тозығы жеткен өлкетану мұражайы мен кітапханаға жаңа ғимарат салмақ. Басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев Доссор кентінің тыныс-тіршілігімен танысып, мұнайшылармен кездесті.

Доссор кентіндегі «Атырау – Құлсары – Ақтау» автожолының бойындағы сор басқан екі учаске топырақпен жабылады. Рекультивациядан өткен соң, бұл аумақтар түгел жасыл желекпен көмкеріледі.

Сәбит Арынов, «Ембімұнайгаз» АҚ бас директоры:

«ҚазМұнайГаз» Басқарма төрағасының іссапарында бірнеше сұрақтар көтерілді. Сорға қатысты жоба көптен көтеріліп отырған сұрақ. Екі жаққа 3 гектардай жерді игеріп, көміп, соны әрі қарай бақылауға қоямыз. Сордың бетін топырақпен жабады.

Мақат тарихи-өлкетану мұражайының ғимараты қазір апатты жағдайда. Оның үстіне, жәдігердің бәрін көрмеге қою мүмкін емес. Өйткені нысан тар. №3 кітапхана мен балалар кітапханасы да аядай жерде орналасқан. Қос кітапхананың қорында қазір 44 мыңнан аса кітап бар.

Жанар Сарбасова, Доссор кентіндегі №4 балалар кітапханасының кітапханашысы:

Жиһаздарымыздың тозығы жетіп тұр ғой қазіргі таңда. Шара өткізуге біздің ғимаратымыз сай емес. Біз шара өткізгенде балалар есіктің алдына дейін тұрады. Сосын билеп өнер көрсеткісі келеді, ешқандай өнер көрсете алмайды.

Шалғайдағы елдімекендегі мәдени ошақтардың жәй күйін көзбен көрген «Қазмұнайгаз» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев Мақат тарихи-өлкетану мұражайына және екі кітапхананың құрылысына қаржы бөлуді тапсырды. Нұрсұлтан Нұрсейіт, Өнербек Жаңабай ҚҰТ Атыраудан


Нұрсұлтан Нұрсейіт

Хабарламаларға жазылу