2022 жылдан бері мемлекетке және квазимемлекеттік субъектілерге 1 триллион теңгеден астам мүліктік активтер мен қаражат қайтарылды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Асхат Жұмағали Президентке есеп берді.
Антикор басшысының айтуынша, салада кешенді шаралар жасалып жатыр. Ол Қостанай мен Қарағанды облыстарындағы жалпы құны 20 млрд тг болатын 2 зауыт мемлекет меншігіне өткенін айтты. Сондай-ақ, нарықтық құны 13 млрд теңгеден асатын 942 гектар жер учаскесі қайтарылған. Ал, Қайрат Сатыбалдыұлына қатысты тергеу амалдары аясында осы айда бюджетке 82 млрд теңге түскен. Өткен жылы жемқорлыққа қатысты 1700-ге жуық қылмыс тіркеліп, 1300 адам әшкереленген. Оның 161-і түрлі деңгейдегі басшылар.
Антикор басшысы 1200-ден астам іс сотқа жіберілгенін хабарлады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды және алдын алу шараларын күшейтуге бағытталған жүйелі жұмыстарды жалғастыру жөнінде бірқатар нақты тапсырма берді.