Атыраудағы мұнай өңдеу зауыты өнім көлемін рекордтық көрсеткішке жеткізді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атыраудағы мұнай өңдеу зауыты өнім көлемін рекордтық көрсеткішке жеткізді

29.02.2024

Атырау мұнай өңдеу зауыты елімізге қажетті мұнай өнімдерінің 30 %-ын қамтамасыз етіп отыр. Өткен жылы кәсіпорында 5 жарым миллион тоннаға жуық шикізат өңделген. Бұл кәсіпорын тарихындағы рекордтық көрсеткіш. Зауыт мұнымен тоқтап қалмай, өндіріс көлемін одан әрі арттырмақ.

Кәсіпорын еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Өткен жылы мұнай өңдеу бойынша жоспарды 101 пайызға орындаған. Зауытта жүргізілген үш кезеңді жаңғырту жұмыстары мен жыл сайынғы жоспарлы тексерудің нәтижесінде өндірістік көрсеткіштер жақсарды.

Нариман Қасанов, «АМӨЗ» ЖШС өндірістік бөлімінің басшысы:

Жыл басынан бері рекордтық 4,889 млн тонн тауарлық өнім шығарылды. Оның ішінде: автобензин - 1,677 млн тоннадан астам, дизель отыны - 1,607 млн тоннадан астам, реактивті отын - 125 мың тонна, сұйытылған газ 193 мың тоннаға жетті.
Зауыттың жұмысында іркіліс болмауы тиіс. Осы мақсатта кәсіпорында былтыр «Атырау мұнай өңдеу зауытының тиімділігін арттыру» жобасы іске асты. Соның арқасында Баяу кокстеу, ЭЛОУ-АТ-2 және ЭЛОУ-АВТ-3 секілді қондырғылардың жабдықтары жаңартылмақ.

Қанат Раукен, «АМӨЗ» ЖШС өндіріс жөніндегі департамент директоры:

Жобаны іске асырудың нәтижесінде ашық түсті мұнай өнімдерінің, яғни автобензин, дизель отыны, реактивті отын, сұйытылған газ көлемін арттыруға мүмкіндік болады.
Осылайша қондырғылардың жұмысы жақсарады, өнім көлемі артып, ауаға бөлінетін зиянды қалдықтар азаяды.

Нұрсұлтан Нұрсейіт

Хабарламаларға жазылу