Алматы облысында мыңнан аса оқушы оқитын мектеп лицензиясыз жұмыс істеп жатыр. 3 млрд теңгеден аса мемлекет қаржысына салынған нысан екі жыл бұрын пайдалануға берілген. Талғар қаласындағы бұл нысанның құжаттары уақытылы рәсімделмепті. Мектеп басшылығының сөзінше, лицензия алу үшін жіберген үш өтінішті облыстық білім басқармасы кері қайтарған. Былтыр бітірген түлектер өздері бұрын оқыған мектептерінен аттестат алған.
Ләззат Құрманбаева, №25 мектеп-гимназия директорының міндетін атқарушы:
Мектеп бітірушілер келген мектептерінен тіркеліп, құжаттары берілді. Ал биылғы жылы лицензияны алуға аз ғана уақыт қалды. Қазір мектеп қалыпты жұмыс атқарып жатыр. Бүкіл қаржыландыру білім бөлімінің орталықтандырылған бухгалтериясы арқылы қамтамасыз етілуде.
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, заңнамаға сәйкес барлық мектептер білім беру қызметін бастамас бұрын рұқсат алуы керек. Білім берумен айналысу құқығы лицензия алған сәттен бастап қана беріледі. Тиісті рұқсаты жоқ білім ошақтары негізгі және жалпы орта білім туралы аттестаттарын бере алмайды. Облыстық білім департамент тарапынан осы мектепке қатысты әкімшілік құқықбұзушылық туралы екі мәрте хаттама толтырылып, Талғар ауданы сотының қаулысымен әкімшілік жазаға тартылды. Ал лицензияны кемшіліктерді жойған күні береміз деп отыр.
Қуан Нұрақын