Англия оқушыларына мектепте смартфон пайдалануға тыйым салынды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Англия оқушыларына мектепте смартфон пайдалануға тыйым салынды

26.02.2024

Англия оқушыларына мектепте ұялы телефон пайдалануға тыйым салынды. Жаңа ережелерге сәйкес тәртіпке бағынбағандардың смартфондары тәркіленеді.

Бұл тыйымның заңнамалық сипаты жоқ. Директорларға тек арнайы нұсқаулық жіберілді. Бірақ смартфондарды үйде қалдыру керек пе, әлде уақытша бір жерге қоя тұру керек пе әр мектеп өзі шешеді.

Кәусар Ғалымжанқызы, Элизабет Гаррет Андерсон атындағы мектептің оқушысы:

Мен өзім Қазақстаннанмын. Ата-анам Лондонда уақытша жұмыс істеп жатыр. Біз мектепте осындай шүберек қалтаға телефонымызды саламыз. Ол құлыптанады. Тек қана апайымыз сабақтан кейін ашып береді.

Ресми мәліметтерге сәйкес, 12 жасқа дейінгі балалардың 97 пайызында смартфон бар. Бұл оқушының ойын бөліп қана қоймай, кибербуллингке ұшыратып, әлеуметтік теңсіздік туғызуы мүмкін.

Джиллиан Киган, Ұлыбритания білім министрі:

Балалар мектепке оқуға, достық қарым-қатынас орнатуға барады. Олар үнемі ұялы телефонда отырмауы керек.

Британияда зиянды контенттің балаларға қолжетімділігі де алаңдатып отыр. Кибербуллингтің құрбаны болған марқұмның анасы жасөспірімдердің әлеуметтік желілерге кіруіне тыйым салатын смартфондар шығаруға үндеді.

Эстер Джай, қайтыс болған жасөспірімнің анасы:

Мен технологиялық компанияларды өскелең ұрпақты ойлауға шақырар едім. Қызымды өлтіргендер зорлық-зомбылық жасауды әлеуметтік желілерден үйренген.

Негізі оқушыларға мұндай тыйым салу бұрыннан бар. Қазір тек құжат түрінде бекітіліп отыр. «Көбіне телефон қауіпсіздіктің кепілі бола бермейді, керісінше - интернеттегі зиянды контентке жол ашып, әлеуметтік теңсіздікке алып келеді»,- дейді сарапшылар.

Марина Бекенова


Хабарламаларға жазылу