Қасым-Жомарт Тоқаев Татарстан астанасы Қазан қаласына жұмыс сапарымен барды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қасым-Жомарт Тоқаев Татарстан астанасы Қазан қаласына жұмыс сапарымен барды

21.02.2024

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Татарстан астанасы Қазан қаласына жұмыс сапарымен барды. Түркі дүниесі үшін қастерлі шаһарда әлемдік спорт додасының жалауы желбіремек. Сонымен қатар жоғары деңгейдегі кездесулер жоспарланған. Қазаннан әріптесім Шерхан Жамбылұлы тікелей байланыста. Шерхан, Президент сапары аясында қандай іс-шаралар жоспарланған?

- Қайырлы кеш Ләйлә! Иә, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мінген нөмірі бірінші борт Ғабдулла Тукаев әуежайына түске қарай қонды. Қонақжай Қазан мәртебелі қонағын жоғары деңгейде күтіп алды.

Татарстанға Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейін 2 жыл бұрын келген. Бауырлас елмен байланыс бекем. Былтырғы 11 айда қазақ-татар сауда-саттығы жарты миллиард доллардан асты. Алыс-берісті арттыруға ағайындық қатынас та сеп. Татарстан Мемлекеттік кеңесі спикерінің сұхбатына назар салсақ.

Фәрит Мухамметшин, Татарстан мемлекеттік кеңесінің төрағасы:

Қазақстан біздің негізгі сауда серіктестеріміздің бірі. Алыс-беріс 5 жыл бойы тұрақты түрде өсіп келеді. Парламентаралық байланыс та бекем. Татарстан мен Шығыс Қазақстан және Абай облысының мәслихаттарымен диалог орнатылған. Қазақстанның қос палатасымен және әкімдіктерімен қарым-қатанысты нығайтуға бағытталған арнайы протоколға қол қойылған.

Президенттің бүгін жұмыс кестесі өте тығыз. Ресей Президенті Владимир Путин және Татарстан басшысы Рустам Миннихановпен екіжақты кездесу бар. Ләйлә...

- Шерхан, Президент «Болашақ ойындары» атты байрақты бәсекенің ашылу салтанатына да қатысады деген ақпар бар. Бұл қандай жарыс?

Иә, Ләйлә бұл өзгеше жарыс. Яғни кәдімгі спорт пен киберспорттың қосындысы. Қатысушылар әуелі онлайн ойында бәсекеге түсіп, кейін алаңға шығып шынайы спортта өзара мықтыны анықтайды. Фиджитал деп аталатын форматтағы халықаралық жарыс алғаш рет өтіп жатыр. Оған 100-ден аса елден, 2 мыңдай спортшы қатысады. Футбол, хоккей сынды дәстүрлі спорт түрлерімен қатар дрондар жарысы, роботтар бәсекесі бар. Жарыстың жүлде қоры да қомақты. 10 млн АҚШ доллары. Ұйымдастырушылардың сөзінше бұл сайыс шынайы өмір мен виртуалды әлемнің бір-бірімен біте қайнасып кеткенін көрсетеді.

Ирада Аюпова Татарстан республикасының мәдениет министрі:

Әрбір халықтың ерекшелігі бар. Цифрландыру бізге жаңа мүмкіндіктер береді. Ғаламтор арқылы ұлттың мәдениеті мен дәстүрін бүкіл әлемге танытуға болады. Болашақтың ойындары сондай көпірдің бірі болады деп ойлаймын.

«Болашақ ойындарына» Қазақстан атынан 13 жарыс түрі бойынша 50-ге жуық спортшы қатысады. Фиджитал Хоккей бойынша біздің елдің командасы жарысты бастап та кетті. Ұйымдастырушы тарап қатысушылардың барлық шығынын өз мойнына алған. Ал ресми ашылу салтанаты Астана уақытымен түнгі сағат 10-да басталуы тиіс. Оған Қазақстан Президентімен қатар тағы бірнеше елдің басшылары қатысады деп жоспарланған. Ләйлә.


Хабарламаларға жазылу