Абай облысында 40-қа жуық ауылды су басу қаупі бар - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Абай облысында 40-қа жуық ауылды су басу қаупі бар

20.02.2024

Абай облысында 40-қа жуық елді мекенді су басу қаупі бар. Әсіресе, Көкпекті ауданында қар жылдағынан мол түскен. Ал Ақсуат ауданының тұрғындары тоңның қалыңдығына алаңдаңдап отыр. Апат айтып келмейді. Сондықтан жергілікті билік қолда бар техникасын сайлап, сай-саланы тазартып, бөгеттер салып дайындалып жатыр. Өңірден Ержан Жақыптың материалы.

Ержан Жақып, тілші:

Көкпекті ауданында биыл қар ерекше қалың түскен. Өзге елді мекендерді айтпағанда ауданның орталығының өзінде адамдар қарға омбылап, көліктер батып жатыр. Ауылдың ішкі жолдарының өзін қолда бар техника тазалап үлгермеуде.

Мамандар қазір, тасқынға төтеп беру үшін 7 мың қап құм әзірлеп қойған. Он мың тоннаға жуық жанар-жағармай сатып алдық дейді. Ауданда 16 мотопомпа бар.

Марат Теміржанов, Көкпекті ауданы әкімінің орынбасары:

Аудан бойынша қардың қалдыңдығы 75 сантиметр. Таулы жерлерде 1 метрден асады. Жердің қаттылығы 50 сантиметр болып тұр. Және де бүгінгі күнге аудан бойынша дайындығымыз бар. Бәрі су құбырлардың бәрін күзгі айда каналдардың бәрі тазаланған болатын. Және де қардан алдында бір тазалатқанбыз. Енді осы бір жұма аралығында тағы тазалаймыз.

Көкпектімен көрші Ақсуат ауданына да биыл көктемгі тасқыннан қатер бар. Мұнда 2010 жылы қызыл су Жәнтікей мен Көкжыра ауылдарын жермен жексен еткен. Сондықтан көзкөргендер, ерте қамдану керек деп ескерту жасауда.

Жамбыл Жұманбаев, Жәнтікей ауылының тұрғыны:

1980 жылы болды. Онда үш адам қайтыс болды. Суға ағып кетті. Ал енді 2010 жылы үшінші тасқын келді. Бұл ауылды жоғалтып жіберді. Аана ыстықтағанда тауға жиналған қар шыдамайды. Үш өзен суды мына жаққа алып келеді.

Ақсуат ауданында жақында ғана күн күрт жылып қыс ішінде қызыл су жүріп өткен. Бірнеше ауылдарда үйлердің ауласына дейін кірген. Енді күн күрт жылынар болса, аудандағы үш ауылда тасқын болуы мүмкін.

Талант Рақымжанов, Ақсуат ауданы әкімі аппаратының төтенше жағдайлар жөніндегі бас маманы:

Ол Жәнтікей, Ойшілік және Көкжыра ауылдары. Ойшілік ауылында 2021 жылы арнайы қорғаныс бөгетін жасаған болатынбыз. Ол жерден қауіп жойылды деп саналады. Қалған елді мекендерде су тасқынына қарсы шараларды атқардық. Өзен арнасын тазаладық, қомдадық, көмкердік.

Болжам бойынша Абай облысында 38 елді мекенді су басуы мүмкін. Бұл аумақта 10 мыңнан астам халық тұрады. Төтенше жағдай қызметінің мамандары қазір 360 техника мен 144 мотопомпа дайындап қойған. Бөгетер салып, суағарларды тазалап жатыр. 

Ержан Жақып

Хабарламаларға жазылу