Білімді, жалынды жастар мемлекеттік қызметтен кетіп жатыр! Бұған жол бермеу үшін олардың жалақысы көтеріліп, баспанамен қамтылмақ. Бүгін президенттік жастар кадрлық резервінің форумына қатысқан мемлекет басшысы осылай деді. Әрі Қасым-Жомарт Тоқаев жас мамандардың алдағы қызметтеріне табыс тіледі. Ақыл-кеңес айтып, бағыт-бағдар көрсетті. Соңғы үшінші кезеңде кадрлық резервке 50 адам іріктелген еді. Енді жақында олар лауазымды қызметтерге тағайындалмақ.
Форумға дейінгі сәт. Кадрлық резервке өткендер бір-бірін құттықтап, суретке түсіп жатыр. Солардың бірі - Шыңғыс Сейдалиев. Елге қызмет қылу мақсатым деген ол, мемлекет басшысының бастамасымен 2019 жылы жас мамандарды іріктеу басталғанда-ақ өтініш берген. Бірақ бірінші, екінші конкурстарда сүрініп, үшінші мәрте тапсырғанда жолы болды. Айтуынша, 6 кезеңнен тұрған іріктеу қызық әрі өте қиын болған. Алғашқыда тестілеу кейін қиындай береді.
Шыңғыс Сейдалиев, Президенттік Жастар Кадрлық Резервінің мүшесі:
Соңғы екі кезең біз өзіміздің кейстерімізді қорғадық. Сарапшылардың арасында министрлер отырды. Олар сұрақ қойды бізге сол қызық болды. Себебі теледидардан көретін министрлермен сөйлесіп, сұрақтарына жауап беру қызық екен. Әрине қобалжу болды. Бірақ өзімізді көрсеттік біз.
Мадина Оспаналы да өзін көрсетіп, резервке өткендердің бірі. Ұлттық аударма бюросында қызмет ететін ол тілді дамытуға күш саламын дейді.
Мәдина Оспаналы, Президенттік жастар кадрлық резервінің мүшесі:
Менің ойымша, заң тілі мен ғылым тілі мемлекеттік тілде сөйлеген елдің болашағы жарқын болады. Осы бағытта жұмыс атқаруға дайынбыз.
Жалпы Президенттік жастар кадрлық резервіне өту үшін осы уақытқа дейін 22 мыңнан астам адам өтініш берген. Бірақ соның небары 400-і ғана іріктелген. 2019 жылы 300, 2021 және 2023 жылдары елу-елу адамнан өтті. Бүгін осы төрт жүз түгел жиналып, президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен форум өтті. Жиналғандардың басым бөлігі қазір әр салада лауазымды қызметтерге тағайындалып, табысты еңбек етіп жүр.
Олжас Бейсенбаев, Қазақстан қоғамдық даму институты басқарма төрағасының орынбасары – президенттік жастар кадрлық резервінің мүшесі:
Қазақстан қоғамдық даму институтында мен аналитик менеджер қызметінен бөлім басшысы және де қазіргі уақытта басқарма басшысының орынбасары болып қызмет етіп жүрмін. Бұған кадрлық резерв те тиісті деңгейде ықпал етті деп ойлаймын. Әрине, біз өзіміздің жұмыс нәтижеміз арқылы жетеміз ол жерде.
Гүлісхан Нақбаева, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі департаментінің директоры – Президенттік жастар кадрлық резервінің мүшесі:
Өзім халықаралық дәрежедегі тұңғыш гроссмейстер шахматшы болғанмын. Енді президенттік жастар кадрлық резерві аясында мемлекеттік қызметке жұмысқа кірдім. Қазір Мәдениет және ақпарат министрлігінің Креативті индустрия департаментінің директоры болып келемін.
Яғни, резервте болу - талапты жастар үшін таптырмас мүмкіндік. Бірақ оны билікке жетудің емес, халыққа қызмет қылудың төте жолы деп түсіну керек. Президент сөзі осыған саяды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Мемлекеттік қызметшінің сапасы бүкіл еліміздің сапасы деп айтуға болады. Мемлекеттік қызмет бұл жоғары лауазымға ие болу емес. Мен жаңа ғана айттым. Мәселе мансап емес. Мәселе мемлекетімізге, халқымызға адал қызмет ету. Мемлекеттік қызметші болу антқа адал болу деген сөз.
Форумда президент мемлекеттік басқару ісін жетілдіру жайына ерекше тоқталды. Өйткені мемлекеттік қызмет жайлы "таныс тамыр арқылы жұмысқа тұру", "жемқорлық", "көзбояушылық" сияқты кері пікір көп. Сондықтан мемлекеттік қызметшілерге тән жаңа мәдениет қалыптастырып, құндылықтарды өзгерту керек. Әрі барлық салада, әсіресе мемлекеттік органдарда заң мен тәртіп үстемдік етуі тиіс деді президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Заң мен тәртіп орнамаса, қазіргідей күрделі геосаяси жағдайда елімізді сақтап қалу қиын болады. Мұны бәрі түсінгені жөн. Тек мемлекеттік қызметшілер ғана емес, жалпы қоғам заңға бағынуға тиіс. Бұл демократия шектеледі деген сөз емес, керісінше, еліміздің егемендігін нығайтып, демократияны дамыта түседі.
Қазір елімізде ауқымды реформалар іске асып жатыр. Оны жүзеге асыру үшін батыл қадамдар, қолынан іс келетін жалынды жастар қажет. Сондықтан резервтегі мамандардан үміт көп. Десе де мемлекеттік қызметтен кетіп жатқан талапты жастар жетерлік. Өйткені жалақы төмен, әлеуметтік жағынан қамтылмаған. Сондықтан таңнан қара кешке дейін жұмыс істейтін қызметкерлер лайықты жалақы алуы керек деді президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Олардың баспана мәселесін де тиісті деңгейде шешу керек. Бұл бойынша Сингапур және басқа да елдердің тәжірибесіне назар аударған жөн. Олардың мемлекеттік басқару жүйесіндегі тиімді әдіс-тәсілдерді қарастыру қажет.
Сондай-ақ мемлекет басшысы командасымен көшіп-қонатын шенеуніктерді сынға алып, жылдар бойы жауыр болған бюрократияны жою керек деді. Ал алдағы уақытта мемлекеттік қызметкерлердің қызметі KPI жүйесі бойынша бағаланбақ. Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік аппараттағы әйелдердің үлесін арттырып, оларды басшылық қызметке көбірек тағайындау қажет деді. Тіпті өзінің саяси қызметін мысал етіп, нәзік жандылардың жұмысқа жауапты екенін айтып қалды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Біріншіден, ер адамдар ренжімесін, әйелдер жұмысқа өте мұқият, тиянақты қарайды. Ер адамдармен салыстырғанда, жемқорлық әрекеттерге бейім емес. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі агенттіктің статистикасы соған меңзейді. Саяси қызметкерлер арасында да елеулі теңсіздік байқалады. Олардың қатарындағы әйелдердің саны 10 пайызға жетпейді.
Әйелдерді ғана емес, еріктілер мен ғалымдарды да қызметке тарту қажет дейді президент. Бұдан бөлек, резервтегі мамандарға Үкіметтің кеңейтілген отырсында берген тапсырмаларымен танысып шығуды тапсырды. Өйткені су тапшылығының алдын алу, цифрландыру сияқты өзекті мәселелер кезек күттірмейді.
Досжан Маратұлы, тілші:
Сондай-ақ мемлекет басшысы жуырда аймақтық жастар кадр резервіне де іріктеу басталатынын мәлімдеді. Әкімдер оның ашық әрі әділ өтуін қамтамасыз етуі тиіс. Әрі аймақтық кадрлық резервті жасақтау барысында әр облыстың әлеуметтік-экономикалық ерекшелігін ескеру маңызды деді президент. Бұл өңірлердің дамуына тың серпін беред дейді сарапшылар.