Жетісу облысындағы Алакөл учаскесінде қыс басталғалы 30-дан астам дауылды ескерту жарияланып, Үшарал-Достық жолы бірнеше рет жабылды. 200-ден астам адам құтқарылды. Олардың 60-қа жуығы шетел азаматы. Бұл бағыттағы жол әлі де жабық. Себебі өңірде -35 градус аяз.
Қуаныш Қанатұлы, тілші:
Ырғайты аумағында желдің жылдамдығы секундына 30 метрге жетеді. Сондқтан осы жердің бәрін қар басып қала береді. Қазір осы жерде тазарту жұмыстары жүріп жатыр.
Ал тәртіп сақшылары осы қауіпті учаскеге көліктердің өтіп кетпеуі үшін жолды күні-түні күзетуде. Бұл жолы да қаз-қатар тізілген жүк көліктері көп. Басым бөлігі Ресей мен Беларусь елінен келген. Жел басылып, жол ашылғанша осында апталап тұрып қалады.
Виталий Ковалев, көлік жүргізуші:
Қазақ бауырлардың көмегі көп тиеді. Жанармай қатып, көлік бұзылып жолда қалсақ болды, аянбайды.
Табиғат тосын мінезін көрсеткенде Үшарал-Достық жолында басты салмақ алакөлдік құтқарушылардың иығына жүктеледі. Тәуліктің кез келген уақытында, қандай ауа райы болса да шақыртуға шығады. Биылғы қыста да 200-ден астам адамды құтқарды. Алайда ескертулерге қарамастан азаматтар жолға шығып кетуін азайтар емес.
Данияр Тілеуханов, облыстық азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы:
Алдын ала жұмыстар атқарамыз. Бірақ халық тығыз жұмыстары бар. Сол тығыз жұмыстарына шығамыз деп, осы жолға тұрып қалып, қарлы боранда тұрып қалатын себептер болады.
Түсірілім кезінде сол аймақта тағы бір азамат қар құрсауынан құтқарылды. Бірақ көлік жүргізушісі сұхбат берместен сапарын жалғастыруға асықты.
Қуаныш Қанатұлы