Қостанай облысындағы Б.Майлиннің мұражайына күрделі жөндеу қажет - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қостанай облысындағы Б.Майлиннің мұражайына күрделі жөндеу қажет

19.02.2024

Қостанай облысындағы Бейімбет Майлин атындағы мұражайға күрделі жөндеу қажет. Бұл мәдени нысан қаламгердің есімін иеленген ауданның орталығында орналасқан. Биыл жазушының туғанына 130 жыл толады.

Дәуренбек Әбдібек, тілші:

Бұл Бейімбет Майлин атындағы ауданның орталығы – Әйет ауылы. Жазушының өзі осы арадан 15 шақырым қашықтағы Ақтөбе ауылында дүниеге келген. Мына ескерткіш кезінде сол жерге орнатылыпты. Кейін аудан орталығына көшірілген.

Ескерткіш тұрған алаңдағы Бейімбет Майлин атындағы тарихи-өлкетану мұражайы аудандағы көрнекті орындардың бірі. Бір бөлмесі толық жазушыға арналған. Алайда қаламгердің жеке тұтынған заттары тәрізді аса құнды жәдігерлер жоқ.

Ақерке Асқарова, мұражай қызметкері:

Бұл экспозицияда фото құжаттар көшірмелері қойылған. Жазушының 1957 жылы шыққан кітаптары бар. Әжесімен бірге тұрған үйінің макеті бар.

Қызметкрелердің айтуынша, мұражай келушілерден кенде емес. Ауданға жолы түскен меймандардың бәрі алдымен осында бас сұғады. Оқушыларға танымдық сабақтар, көрмелер өткізіледі. Алайда мәдени нысан заман талабына сай жаңартуға мұқтаж. Сонау 1991 жылы ашылған кезінен бері күрделі жөндеу көрмеген.

Светлана Рудик, мұражай меңгерушісі:

Мына экспозицияларды заманауи кейіпке енгізіп жаңартсақ жақсы болар еді. Шатырымыз жаңбырда сыр бермегенімен, боран соқса төбеге қуыс-қуыстан қар кіреді. Сосын күн жылығында әр жерден ылғал білінеді.

Бұл жағдайдан аудан басшылары да хабардар. Алайда мұражай тікелей облыс бюджетінен қаржыландырылады. Сондықтан күрделі жөндеу мәселесі де сол жақтан шешілуі тиіс. Дегенмен бұл жұмысты жүзеге асырудың басқа жолдары да қарастырылып жатыр.

Светлана Құлжанова, аудандық мәдениет бөлімінің басшысы:

Сырттан демеушілер іздеп жатырмыз. Көмек керек деп. Орнын үлкейту керек. Орын аз. Экспонаттар көп. Оны баяғыдан айтып келеміз. Әкімнің де құлағына жеткіздік. Сол мәселде шешіледі деген ой бар.

Майлиннің есімін мәңгі есте қалдыру үшін ауданға, мұражай мен мектепке және орталық көшеге аты берілген. Әйтсе де есімін иеленген ауданда қаламгердің тұлғасы толық бейнеленген еңселі ескерткіші жоқ. Орталық алаңда кісі бойындай кеуде мүсіні ғана тұр. Жалпы жазушының 130 жылдығына орай туған жерінде республикалық ақындар айтысы, ғылыми-практикалық конференция өткізу жоспарланған. Бірнеше кітап көрмесі ұйымдастырылмақ.

Дәуренбек Әбдібек


Хабарламаларға жазылу