Елімізде жұмыссыз жастарға арналған «Zhas project» жобасына өтінім қабылдау басталады. Оның аясында 280 жеңімпаздың әрқайсысына 1 млн теңгелік грант беріледі. Байқауға қатысуға 18 бен 34 жас аралығындағы жұмыссыз жастар өтінім бере алады. Басты талаптарға қысқаша тоқтала кетейік.
Үміткер өтінім беріп жатқан өңірде тұрақты немесе уақытша тіркелуі тиіс. Конкурсқа қатысушы 1 ғана әлеуметтік жобаны ұсына алады. Онысы өз аймағындағы әлеуметтік мәселені шешуге бағытталуы шарт. Сондай-ақ өтінім беруші 2023 жылғы «Zhas project» жобасының шағын грант иегері болмауы керек. Әзірге конкурс шарттарын түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ал наурыздың 25-нен сәуірдің 24-не дейін өтінім қабылданады.
Қайрат Қамбаров, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы:
2022 жылы 6 өңірде жүзеге асырылды. Ол кезде 250 жас қамтылды. 2023-те 280 жас болды. Осы жастардың бәрімен біз тікелей байланыстамыз, жобалардың бәрін қадағалап, өзіміздің кеңестерімізді беріп отырамыз.
Қаракөз Тұрмағанбет