Орманшылардың айлығы қашан көтеріледі? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Орманшылардың айлығы қашан көтеріледі?

18.02.2024

Соңғы жылдардағы алапат өрттерден кейін көп тапсырма, көп уәде берілді. Бірінші кезекте орманшылардың айлығы көтеріледі деген. Техникамен жарақтандыру бойынша да солай. Ал тапсырмалар мен уәделер қалай орындалып жатыр? Парламент Мәжілісінде өткен үкімет сағатында Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев есеп берді. Сонда көрсетілген құрал-жабдықты депутат Дәулет Мұқаев түсіріп, әлеуметтік желіге сала қойған. Оны көрген өрт сөндірушілер мен орманшылар аң-таң болған. «Біздерде осындай бар екен ғой!» деп... 

Сонымен бірге Президент осыдан бірнеше жыл бұрын 2 миллиард түп ағаш отырғызуға пәрмен берген, сол не болып жатыр? Орман дегенде жасыл-желекті орман ғана емес, шөл даланың фаунасы да есте тұруы шарт. Себебі жеріміздің 60 пайызға жуығы шөл және шөлейтті. Сексеуіл деген ғажап ағаш бар. Ғалымдар бір ағашының төрт тонна құмды ұстап тұра алатынын айтады. Сексеуіл кесуге тыйым 2023 жылы желтоқсанның 31-де аяқталды, енді не болады? Бұл да өте маңызды мәселе. 

Былтыр елдегі орман өрттері бойынша соңғы 5 жылдағы рекордтық деңгей орнады. 2023 жылы 810 рет от тұтанып, 116800 гектар аумақ жанып кеткен. Шығын да шаш етектен.

Еділ Жаңбыршин, ҚР Парламенті Мәжілісінің Депутаты:

Соңғы 2 жылда 2 ірі өрттен келген залалдардың сомасы 182 млрд теңгені құраған және 100 мың гектардан астам орман жойылды. Орманды қалпына келтіруге кемі шамамен 20-30 жылдай уақыт кетеді. Ал, осы іс-шараларға ірілендірілген есептеулер бойынша 151 млрд- тай теңге қажет болады. Яғни, жалпы шығын шамамен 384 млрд теңгені құрап отыр.

Соңғы 10 жылда орман өртінің кесірінен 61 адам көз жұмған. «Қайғылы жағдайларға қажетті техникалық құрал- жабдықтардың жетіспеуі мен тозуы себеп»,- дейді мамандар. Бұны өткен жылы өрт болған Семей орманшылары да растап отыр. 500-ге тарта қызметкер жұмыс істейтін БҚО-тық орман шаруашылығында да жағдай мәз емес. Мұндағы техникалар да тым ескі.


Дархан Әмірханұлы, БҚО Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары:

Техникалық базасы өте төменгі деңгейде деп айтуға болады. Техникалардың басы 1983 жылғы, соңы 2000 жылдарға дейін барады.

Нартай Аралбайұлы, ҚР Парламенті Мәжілісінің Депутаты:

БҚО орманды күтіп қарауға, баптауға кемі 3 тонналық 16 трактор, 1.4 тонналық 8 трактор керек деген. Қазір бар-жоғы 10 трактор ғана бар екен. Оның бесеуі бұзылып жатыр. Қалай өрттен қорғаймыз.

Сала мамандары өртке қарсы техникалардың қызмет ету мерзімі әрі барса 10 жылдан аспауы керек деп санайды. Ал қолданыстағы техниканың ескісі мен жаңасының ортасын алсақ, 25 жылға жуықтаған. Жауапты мекеменің мәліметінше 2023-2027 жылдар аралығында орман шаруашылығының материалдық- техникалық базасын жаңарту үшін бюджеттен 68.6 млрд теңге бөлу жоспарланған. Ал, мәжілісмен Еділ Жаңбыршин қажетті қаражатты бірден бөлу арқылы түрлі апаттар мен артық шығынның алдын алуға болатынын айтады.

Еділ Жаңбыршин, ҚР Парламенті Мәжілісінің Депутаты:

Республиканың барлық орман шаруашылықтарын материалдық- техникалық жағынан қамтамассыз ету үшін бар болғаны 68 млрд теңге қажет екен. «Сараң екі төлейді»,- деген сөз бар қазақта. Жалпы шығын қажетті сомадан 5 жарым есе асып тұр.

Неде болса«алдағы 3 жылда орманшыларға қажетті көлік пен құрал-жабдықтар толықтай жаңарады»,- деп отыр жауаптылар. Келесі мәселе, жалақы. Семейдегі өрттен кейін орманшылардың айлығы 100 пайызға өсетіні айтылған. Бірақ, бұл барлық қызметкерге қатысты болмай шықты.

Нартай Аралбайұлы, ҚР Парламенті Мәжілісінің Депутаты:

Орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекеменің директорлары, директордың орынбасарлары, орман қоғау инженерлері, орман патологы, орманды молайту өсіру инженері, орман өртін сөндіру станциясының басшысы, бірақ өрт сөндірушілерге қатысы жоқ бұның. Аң танушы, орманшылық басшылығы, орман шебері, орман инспекторы және ауылдық жерде жұмыс істейтін орман шаруашылығы мамандары кірген болды. Ал енді сол кезде қаза тапқан өрт сөндщіру станциясының сарбаздарына бір тиын да айлық қосу туралы сөз жоқ, трактор жүргізуші, автокөлік жүргізуші, өрт сөндіру көлігінің жүргізушісі деген мамандарға бір тиын да ақша жоқ қосылған.

Сөйтсе,жалақыны 2 есе өсіру деген тек 12876 штаттық қызметкерге ғана қатысты болып шыққан.

Мақсат Мұқанов, «Қарағанды орман және жануарлар әлемін қоғау жөніндегі» КММ директоры:

Сұрақ туындайтын спомагательный службаларда. Ол енді ана бухгалтерлар, шопырлар, трактористар солардың жалақылары төмендеу болып тұр.

Ғани Алпысшалов, «Семей орманы» мотр» РММ бас директорының орынбасары:

Былтырғы орман өртінен кейін әлі күнге дейін ол мәселе көтеріліп жатыр. Биылғы жылы жалақы өспей отыр. Нақты ешкімге ештеңе айтылған жоқ. Биылғы жылы көтеріле ме деп бәрі үміттеніп отыр.

Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев былтырдан бастап Мемлекеттік орман күзеті қызметкерлерінің орташа жалақысы 129 мыңнан 250 мың теңгеге өскенін айтады. Бірақ, бұл өңірге өз аяғымен барып қайтқан депутаттың цифрымен сәйкес келмейді.

Нартай Аралбайұлы, ҚР Парламенті Мәжілісінің Депутаты:

2023 жылы өрт сөндірушілер 64359 теңге алып отыр, трактористер 65762 теңге, жүргізушілер 65762 теңге алып отыр. Сол кезде көтеріледі деді және бірінші қаңтарда екінші кезеңі көретілу керек қой. Сөйтсе оларда жазған 130 мыңға барады, 132 мыңға барады, 132 662 ге барады деп үшеуіне үш түрлі көрсетіп берген. Сөйтіп мен кеше өкімет сағатының алдында хабарластым Оралдағы өрт сөндірушілерге, айлықтарың өсіп жатыр екен ғой дұрыс бопты десем, Нартай бізге 9-ақ мың теңге қосылды дейді. Сонда 80 мың теңгеге жетпейтін айлық алады. Бұл не масқара!

Дәулет Төлеутайұлы, ҚР Парламенті Мәжілісінің Депутаты:

Өкінішке қарай сол жергілікті басшылар өздерінің білгендерін жасайды көп жағдайда. Неге айтпайды? себебі жаңағыдай қысым, айналып келгенде жұмыстан арнайы баппен статьямен шығарамыз деп қорқыту сәттері болады. Сондықтан үндемей жүре берген кейде дұрыс деп қабылдайтын азаматтарымыз өте көп.

Сөйтіп, бұл сұрақтың басы әлі ашық. Ал штаттан тыс орманшылардың айлығы қашан өседі? Оның да нақты уақыты әлі белгісіз.

Рашид Амангелдіұлы, ҚР ЭТРМ Орман шаруашылығын дамыту басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

Салалық кәсіподақ келісім жасалды. Сол жерде ұйымда жұмыс істейтін штаттан тыс қызметкерлерге 70 пайыздан, 100 пайызға дейін үнемделген қаражат есебінен үстемақы төленеді.

Жалақының аздығынан қазір салада маман тапшылығы туындап отыр. Мысалы, 2023 жылы ШҚО 168, Қызылорда да 115, Ақмола облысында 107 бос жұмыс орны тіркелген.

Мадияр Алдияров, ҚР ЕХӘҚМ «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ бас сарапшысы:

«Enbek.kz» сайтының мәлеметтеріне сүйенетін болсақ 2023 жылы орманшыларға қатысты бос жұмыс орындарының саны 924 бос жұмыс орнын құрады. Ал, резюмеге келетін болсақ олардың саны 454 резюмені құрайды. Яғни, сұраныс пен салыстырғанда ұсыныс екі есе төмен болып отырғанын қарауға болады.

Орман шаруашылығы үшін елдегі 9 жоғарғы оқу орны маман даярлайды. Өткен жылы 386 түлек бітірсе, биыл 500-ден астам студент диплом алады.

Жанна Уақасқызы, Жоғарғы және жоғарғы оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары:

Орман шаруашылығы мамандығы бойынша қазіргі уақытта бізде 3 деңгей бойынша 3500 ден астам студент білім алуда. Оның ішінде бакалавриат деңгейінде 3400-ден астам, магистратурада 25 және 14 ғылым докторы дайындалуда.

Бір қызығы, орман шаруашылығы саласы бойынша бөлінген гранттар толық игеріліп, түлектердің 74 пайызы жұмысқа орналасады екен. Сонда да маман тапшы. Айналып келгенде...

Ерлан Нысанбаев, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі:

Жалпы айтайын сіздерге біздің орман саласына неге келмейтінін, неге оқуға түспейтінін. Себебі, жалақы аз. Сол себептен мен сіздерге қосылам әрине екі емес, үш есе қоссада нұр үстіне нұр.

Орманшыларға арналған киімнің сапасына қатысты сын да жиі айтылады. Басты себеп тендер арқылы тігілетіндігінде.Сол үшін орман, қорық, ұлттық парк басшылары тігін фабрикасынан киімнің матасын, сапасын тексеріп, тікелей сатып алғаны жөн деп санайды.Тіпті, министрдің өзі мемлекеттік сатып алудың қисынсыз тұстары жұмысты айтарлықтай кешеуілдетіп отырғанын айтады. Мемлекеттік сатып алу туралы бағдарлама аясында көрсетілген сюжетке тағы бір тұздық.

Ерлан Нысанбаев, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі:

Биылғы жылы осы өртке арналған киім – кешек алуға біз есептедік бүкіл орман саласына 4405 дана керектігі белгіленді. Соған байланысты 918 млн ақша бөлінді. Бүгінгі алғанымыз бар-жоғы 2000. Себебі, мынау конкурстардың көптеген қиыншылығына байланысты болады. Біреу сотқа береді сөйте-сөйте біз 515 млн-ды ғана игердік те қалғанын қайтарып бердік.

Ал арнайы киімді қанша жылда ауыстырып отыру керек деген сұраққа бірізді жауап ала алмадық. Министрлік өкілі мен сала қызметкерлері түрліше жауап береді.

Рашид Амангелдіұлы, ҚР ЭТРМ Орман шаруашылығын дамыту басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

2012 жылы ауыл шаруашылығы министрлігімен бекітілген бұйрыққа сәйкес киімдердің номалары бекітілген. Ол жерде әртүрлі киімдер болуына сәйкес, қысқы жазғы деп оларды 2 жылдан 7 жылға дейін пайдалану мерзімі бекітілген.

Мақсат Мұқанов, «Қарағанды орман және жануарлар әлемін қоғау жөніндегі» КММ директоры:

Бұл енді киімнің бәрі негізі утверждени ғой бізде өзі бекітілген киім. Негізі 3 жылда бір ауысу керек.

Дархан Әмірханұлы, БҚО Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары:

Жазғы киімдер 2 жыл, қысқы киімдер 3-5 жылдың арасында ауыстырылып тұру керек.

Серік Жұмабек, тілші:

Орманшылардың тұрғын үй төлемдері туралы мәселені көтеріп келе жатқанына да талай жыл болды. Бірақ, бұл бүгін- ертең іске аспайтын сияқты. Апта басында депутаттық сауал жолдаған Дәулет Мұқаевқа министрдің берген жауабынан осыны аңғардық. Былтырдан бастап айтылған жалақы, техника, киім және тұрғын үй төлеміне қатысты 8 айдағы қорытынды осы. Ал, ендігі кезекте тағы бір маңызды мәселе бар.

Естеріңізде болса Мемлекет басшысы 2025 жылға дейін 2 млрд түп ағаш отырғызу керек деп тапсырма берген. Бұл бойынша министр әр жыл сайын 85 мың гектар аумаққа, 365.5 млн түп ағаш отырғызылады деген еді. Арада 4 жыл өтті жоспар орындалар емес. Қазірге дейін тек 725 млн-нан астам көшет отырғызылған.

Нартай Аралбайұлы, ҚР Парламенті Мәжілісінің Депутаты:

Сол тапсырмаға сәйкес, БҚО 1144 гектарға орман отырғызу керек тапсырма бар. Орман отырғызу басталып кеткен. орманшылардан сұрасам сол 1144 гектардың 192 гектары орман отырғызуға мүлдем жарамсыз екен.

Депутаттар өртенген орманның орнын жабатын бұл бастама аяқсыз қала ма деп қорқады. Тіпті, сапалы ағаш көшеті жетпегендіктен қатардағы қара ағашты егуге мәжбүр өңірлерде бар көрінеді.

Серік Жұмабек, тілші:

Елімізде 13.7 млн гектар орманды алқап бар. Бұл ел аумағының 5 пайызы ғана. Синоптиктер алдағы жаздың жылдағыдан да ыстық болатынын айтып дабыл қағып отыр. Егер ТЖ алдын алуды емес, бұрынғыдай тек өртті сөндірумен ғана айналыса берсек, ну ормандардан айырылуымыз мүмкін. Жүз жылға жетпейтін уақыт бұрын жерімізді жолбарыс та мекен еткенін ескерсек, жоғалту деген бізге түк емес.

Серік Жұмабек


Хабарламаларға жазылу