Бір ғана театрда 14 жұп шаңырақ көтерген - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бір ғана театрда 14 жұп шаңырақ көтерген

17.02.2024

Бір ғана театрда 3 жылда 14 жұп шаңырақ көтерген. Елордадағы музыкалық жас көрермен театрының әртістері бір-біріне үйленіп, үй болуды үрдіске айналдырған. Театр директоры Асхат Маемиров алда тағы 4-5 тойдың күтіп тұрғанын айтады. Махаббат пен шығармашылықты үйлестірген ұжым жайлы Аида Ахметбек рет-ретімен.

Аида Ахметбек, тілші:

Музыкалық жас көрермен театрының бұл сахнасында талай таланттың арасында махаббат оты тұтанып, отбасын құрған. Қазір 14 жұп бір сахнада қойылымға дайындалып жатыр. Мұндағы әртістер өмірдің өзін тұтас бір театрға балайды.

Театр әртістері Оразалы мен Инабатты Қыз Жібек мюзикліне басты рөлдерге бекіткен. Махаббат оты дәл осы киелі сахнада тұтанған.

Оразалы Игілік, Музыкалық жас көрермен театрының әртісі:

Кастингте мен Төлегенге, Инабат Қыз Жібекке өтті. Инабатқа сол кезде толықтай сезімімді айтуға батылдық болды. Сол кезде Марқұм Құман Тастамбеков ағамыз келіп, Асхат ағайымызға «мынау Оразалы деген балаң, сахнада жүрген Жібекке Төлеген болып емес, Оразалы болып қарап жүр, жігіт ғашық болып жүр. Дәл сондай көздермен Меруерт апамызға қарағам деп», ағайға айтқан ғой.

Өмірлік серігін өнерден тапқан ұлы тұлға марқұм Құман Тастамбековтің ішкі түйсігі алдамады. Көп ұзамай екі жас отбасын құрды. Қазір олардың Жібек есімді қыздары өсіп келеді. Театрда әлі біз айтпаған 13 жұптың махаббат хикаясы бар.

Театр директоры Асхат Маемировтың айтуынша, жастардың ойнай¬тын қойылымдардың көбі – ғашықтық жайында. Шаңырақ көтерулерінің басты себебі осында болуы мүмкін деп әзілдеді режиссер. Алда бір емес, бірнеше тойдың күтіп тұрғанын жасырмады.

Асхат Маемиров, Музыкалық жас көрермен театрының директоры:

Осыдан үш күн бұрын ғана, тағы бір жұп алдыма келіп өздерінің үлкен шешімдерін айтып, ақ батамды бердім. Одан кейін әке-аналары осында келді. Жазда біздің театрымызда тағы 4-5 той. Шаңырақ көтереді. Сондықтан менің мақсатым да осы, осы театрды шаңыраққа, үйге айналдыру. Яғни үйде қандай атмосфера болады? Мейірімділік, ізгілік. Соны көрерменге де сыйлау.

Жұптардың сөз салуынан бастап, салтанатты неке қию, ұл-қыздарының тұсау кесер рәсімі, сүндет тойға дейін киелі сахнада өтеді. Бұл дәстүр үш жылдан бері жалғасып келеді. Себебі му¬¬зы¬калық жас көрермендер театры олар үшін шынымен «Жылы орынға» айналды.

Аида Ахметбек


Хабарламаларға жазылу