Чехияның Нове-Место қаласында биатлоннан әлем чемпионаты өтіп жатыр. Оған таяуда ғана декреттік демалыстан оралған биатлоншымыз Галина Вишневская-Шепоренко да қатысып, керемет нәтиже көрсетті.
Әйелдер арасындағы жекелей сайыста бақ сынасқан спортшымыз нысана атудан мүлт кетпей, мәре сызығын 24-ші болып кесті. Біраз уақыт спорттан алыстап қалған бұрымды биатлоншымыз үшін - бұл жақсы жетістік. Жекелей аралас эстафета жарысында Қазақстан құрамасы атынан Галина Вишневская-Шепоренко мен Александр Мухин өнер көрсетті. Екеуі де нысананы дәл көздеді, алайда мәреге 23-ші болып жетті. Десе де, 100-ге жуық ел арасында шеберлік сынасқан биатлоншыларымыз үшін бұл әлемдік біріншіліктер аясындағы ең үздік нәтиже. Сондай-ақ Чехияда өтіп жатқан дүбірлі дода мен маусым бойы жинаған ұпай санының арқасында ерлер құрамасы әлемдік рейтингте 15-ші орынға көтерілгенін айта кетейік.