Әйгілі Самарқанның наны қазақтың ұнынан пісіріледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әйгілі Самарқанның наны қазақтың ұнынан пісіріледі

16.02.2024

Өзбекстанның Самарқан қаласына келген саяхатшы еліне қайтарда өзімен бірге міндетті түрде нан ала кетеді. Өйткені тап осында пісірілген тандыр нанның дәмі ерекше. Кей деректерге сенсек, Самарқанның нанын үш жылға дейін сақтауға болады екен. Сондықтан болар, шаһар жұрты да, туристер де тандыр нанды таласып алады. Ал өзбек ағайын ас атасын қазақтың бидайынан тартылған ұннан пісіріп отыр.

Самарқанда наубайхана өте көп. Өйткені олар нанды тек қала халқы үшін емес, күн сайын толассыз ағылып жатқан туристер үшін де пісіреді. Мынадай алып тандырға бір мезетте 54 нан сияды. Нан жабу тек ерлердің ісі. Күнұзақ ыстық тандырдың жанында жұмыс істеу әйел адамға өте ауыр

Джавлан Рахматов:

25 жылдан бері нан пісіремін. Бұл жұмыстың қыр сырын әбден меңгеріп алдым. Алғашында тандырға отын жағатынбыз. Кейіннен табиғи газға көштік. Күн сайын төрт тандырды толтырып 5-6 рет нан саламыз, адал еңбекпен күн көріп жүрміз.

Бір наубайханада оншақты жігіт еңбек етеді. Таңнан кешке дейін тыным таппайтын оларға тонналап ұн илеп, мыңнан астам тандыр нан жабу түк емес. Қамырды дайындауға ұн, су, тұз бен ашытқы керек. Ал нанға қажет негізгі өнім- ұнның отаны Қазақстан. Өзбек ағайын бізден жеткізілетін бидайдың сапасына тәнтіміз дейді

Манучер Мустафакулов, наубайхана иесі:

Бидайды Қазақстаннан әкелеміз. Оны диірменге тартып, ұн шығарамыз. Нан пісіретін қамырды илеудің өзіндік талабы бар, оны қатаң сақтамаса болмайды. Дайын қамырды дөңгелектеп кескен соң міндетті түрде бетіне өрнек саламыз, дәмдеуіш себіледі, жарты сағатта нанымыз піседі.

Жыл сайын шаhарға миллиондаған турист келеді. Олар керемет нанның дәмін татып, міндетті түрде өздерімен ала кетеді. Самарқан нанының салмағы 1,5 келіге жуықтайды. Яғни бір отбасыға бір нан молынан жетеді. Алайда келген қонақ ас атасын бір бірлеп алмайды, бірнешеуін бір ақ сатып алады. Өйткені, көрші- қолаң, дос- жаранға наннан дәм татыру артықтық етпейд і


Базаркүл Отыншиева

Хабарламаларға жазылу