«Орталық Азия» өнеркәсіптік кооперация орталығы құрылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Орталық Азия» өнеркәсіптік кооперация орталығы құрылады

16.02.2024

Қазақ –өзбек шекарасында «Орталық Азия» өнеркәсіптік кооперация орталығы құрылады. Мақсат –екі ел арасындағы сауда-саттық көлемін 10 млрд долларға жеткізу. Индустриялық аймақтың құрылысын жүргізетін алғашқы инвестор да анықталды. Тараптар тиісті келісімге қол қойды.

Көршілес екі ел арасында ірі индустриялық аймақ құру бастамасы өткен жылы қолға алынған. Бұл жолы орталықтың қызметін реттеу аясындағы келісім пысықталды. Түркістан облысы Мақтарал ауданының аумағынан 50 га жер бөлінеді. Өзбектер тарапынан қаралған жер көлемі 42 гектар. Жобаның құрылысын жүргізетін инвестор да белгілі.

Қайрат Төребаев, ҚР Сауда және интеграция вице-министрі:

Өзбекстанның «Global Textile» компаниясы инвестиция салып 15 гектар жер бөліп жатырмыз, бүгін осы инвестицияны тартты Қазақстан. Мата шығаратын компания Қазақстанға ақша салып мақтаны өңдеп басқа елдерге сатуды жоспарлап отыр. Осы 50 гектардың ішінде беріледі, болашақта бұл жерді 100 гектарға дейін өсіріп береміз.

Жоба құрылысы осы жылдың тамыз айында басталады деп жоспарланған. Қазір дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Маңызды нысанның құрылысы Қазақстанның толықтай қадағалауында болады.

Бекмурод Акбаров, Сырдария облысы инвестиция, құрылыс және сауда басқармасы басшысының орынбасары:

Инвестор орталықты құру, ілгерілету және жобалармен толықтыру шараларын жүргізеді. Бұл ірі жоба жүзеге асса екі мемлекет үшін де тиімді мүмкіндіктерге жол ашады.Орталық 2027 жылдың бірінші жартыжылдығында іске қосылады деп жоспарланып отыр.

Индустриялық аймақ ең алдымен дайын өнімді жеткізуде делдалдардың санын азайтады. Бұл -тауар құнын төмендетіп, оны тасымалдау жылдамдығын арттыруға мүмкіндік береді. Екі ел арасында іскерлік байланыс күшейіп, екіжақты сауда-экономикалық қатынастар одан әрі дамиды. Алдағы 5 жылда өзара тауар айналымын 10 млрд долларға жеткізу жоспары бар.

Базаркүл Отыншиева


Хабарламаларға жазылу