Елімізге белгілі ақын Шөмішбай Сариевтің жеке заттары архивке тапсырылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізге белгілі ақын Шөмішбай Сариевтің жеке заттары архивке тапсырылды

15.02.2024

Елімізге белгілі ақын Шөмішбай Сариевтің қолжазбалары, ордендері мен өзге де жеке заттары архивке тапсырылды. Осыған орай Алматыдағы мемлекеттік архивте «Дүниені жалт қаратсам деп едім...» атты музей-бұрышының салтанатты ашылуы өтті.

Архивке Шөмішбай Сариевтің бас-аяғы 135 жеке заты тапсырылды. Олардың арасында ақынның 30 шақты кітабы, киген киімдері мен қолданған жеке заттары бар.

Жұмагүл Сариева, Шөмішбай Сариевтің жары:

Бір қанаты өзінің поэзия жырлары болса, екінші қанаты оның ән жанры. Ағаңның жазған пластинкалары бұрынғы, сосын видигтері. Сонымен бар нелері осында өткізілді. Әлі де болса біраз заттарымен толықтырам. 

Шараға әкімдік өкілдері, белгілі қоғам қайраткерлері, ақынның жары, жақын достары мен жас өнерпаздар қатысты. Қала тұрғындары мен қонақтары Шөмішбай Сариевтің жеке заттарын Алматыдағы мемлекеттік архивтен көре алады.

Нұрлан Оразалин, ақын, мемлекет және қоғам қайраткері:

Архивтегі үлкен шара, соның тұсауының кесілуі Шөмішбай өмірінің ұзаққа кететінін байқататын игілікті шаралардың бірі болды деп есептеймін мен. Шөмішбай өмірді адал сүрді. Таза, қоспасыз өмір сүрді. Жасандылық дегенді білмейтін. 

Бейбіт Оралұлы, композитор:

Өмірден өтсе де, артында қалған еңбектері халықтың жадында, есімізде. Оның ішінде осы істеп жатқан шара мұрағат ретінде, келесі ұрпаққа аманат ретінде, естелік ретінде, насихаттау ретінде үлкен үлгі деп есептеймін.

Шөмішбай Сариев халыққа кең тараған 300-ден аса ән сөздерінің авторы. Жырсүйер қауымды поэзиясымен сусындатты. Ұрпаққа қалдырған мұрасы ұшан-теңіз. Архивке қойылған заттары арқылы ақын мың жасайды, - дейді замандастары.


Қуан Нұрақын

Хабарламаларға жазылу