Қызылорда облысында көктемгі тасқында 15 елдімекенді су басу қаупі бар. 4 ауданның аумағында Сырдария өзенінің қорғаныс бөгеттері сыр берген. Өңірге жұмыс сапарымен барған Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Арынов, су тасқынының алдын алу шараларымен танысты. Сырдарияның су деңгейін реттейтін Қызылорда су торабы күрделі жөндеуден өтіп, гидро нысан биыл толық іске қосылды. Қазіргі таңда өзеннен секундына 100 текше метр су өтіп жатыр. Былтырғы жылмен салыстырғанда су аз. Дегенмен, сең жүру процесі әлі алда. Жалпы өңірде, су басу қаупі жоғары 29 аумақ бар. Жергілікті мамандар, тасқынның алдын алу бойынша кешенді жоба әзірлеп, төтенше жағдайлар министрлігіне ұсынып отыр.
Марат Құрманбаев, Облыстық жұмылдыру басқармасының басшысы:
Жобаның құны 3 млрд. 952 миллион тұрады. Егер осы жобаны жүзеге асырған жағдайда 15 елдімекен 52 мыңнан астам тұрғыны бар елдімекеннің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін болады. Төтенше жағдайлар министрлігіне бюджеттік тапсырыс беріліп отыр.
Әділбек Жақанов