Елімізде интернет-алаяқтық өршіп тұр. Бұл туралы парламент қабырғасында депутат Магеррам Магеррамов айтты. Мәжілісмен Үкімет басшысына жолдаған сауалында алаяқтардан зардап шеккендер шығынын банктер мен байланыс операторларына өтеуді міндеттеуді ұсынды. Сонымен қатар, депутат жеке адамдардың мәліметтері мен банк деректеріне ие болған алаяқтардың жалған нөмірден әрбір қазақстандыққа қоңырау соғатынын айтты. Былтырдың өзінде елімізде 43 миллионнан астам қоңырауға тыйым салынған.
Магеррам Магеррамов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Қазір депутаттар еліміздегі азаматтардың мүддесін қорғау үшін нақты ұсыныстарын дайындап жатыр. Яғни,екінші деңгейлі банктер мен ұялы байланыс операторларының инфрақұрылымы көмегімен алаяқтар көздеген әрекеттерін іске асырып жатады. Сондықтан осы инфрақұрылым арқылы алаяқтардың алдауына түсіп, зардап шеккендерге келтірілген шығынды сол банктер мен ұялы байланыс операторлары төлеуі тиіс. Заң жобасындағы мұндай жауапкершілік кибер алаяқтыққа қарсы тұруға мүмкіндік береді.
Ал Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, былтыр 21 мыңнан астам интернет-алаяқтық ісі тіркелген. Олар банк карталары арқылы шоттағы ақшаны жымқыру, сатып алу кезіндегі алаяқтық, қаржы пирамидалары сынды түрлі фактілер. Жалпы, интернет кеңістігінде жасалатын алаяқтыққа тұрғындар да жаңа заңның керектігін айтады.
Ақмаржан Ғафизқызы