Сұйытылған газ өндіруші компаниялар газ өндіру шығындарының тиімсіз екендігін айтып отыр. Бұл олқылық тұтас саланың дамуына тежеу болады, - дейді мамандар. Тілшіміз Әділбек Серікұлы тақырыпты тарқатады.
Қызылорда облысындағы «ҚазГерМұнай» біріккен кәсіпорнының шикі газ өндіру қуаттылығы жылына 550 миллион текше метрді құрайды. Зауыт ай сайын небәрі 60 мың тонна сұйытылған газ өндіреді. Екі газ өңдеу станциясы тәулік бойы тоқтаусыз жұмыс істейді. Онда екі ауысыммен 60 адам еңбек етеді. Бірақ, жер қойнауын пайдаланушы компанияның шығыны көп газды шығаруы тиімсіз болып отыр.
Махамбет Елеусінов, «Қазгермұнай» БК» ЖШС Бас Директордың өндіріс бойынша орынбасары:
- Жалпы газ өндірудің негізі шығындары өте көп.
Қазіргі таңда сұйытылған газдың белгіленген бағасы тоннасына 40 мың теңге. Мамандар еліміз бойынша 9 кәсіпорынның жұмысын зерделеп, зауыттардың газ өндіруге кеткен шығыны өтелмейтінін айтып отыр. Сол себепті қондырғыларды күрделі жөндеуге, заман талабына сай жаңғыртуға бүгінде қаржы тапшы. Сондай-ақ, жаңа газ кеніштерін ашуға инвестиция тарту да мүмкін болмай тұр.
Бақытжан Таубаев, ҚР Энергетика министрлігі газ өндіру департаментінің басшысы:
- Біздің зауыттардың өндіріс өңдеуінің 50 мыңнан 75 мыңға дейін өз құны. Әр зауытта әр қалай. Енді соған біз жетуіміз керек. Осыны қазір зерттейміз толық қалай болатынын.
Қазір жер қойнауын пайдаланушылар сұйытылған газ өндірісін әр өңірде белгіленген мөлшерде шығарып, әлеуметтік міндеттемені орындап отыр. Зауытқа тиісті күрделі жүйелі жөндеу жұмыстары жүргізілмегендіктен газ тапшылығы орын алуда. Қайтарымы жоқ, тиімсіз іске инвесторлар келмейді.
Әділбек Серікұлы, тілші:
- Елімізде сұйытылған газдың бағасы қаншалықты қымбаттайтынын Энергетика министрлігі де дөп басып айта алмай отыр. Бүгінде көлік отыны ретінде кеңінен қолданылатын автогаздың әлеуметтік маңызы ескерілмек. Яғни, баға бірден шарықтап кетпей, кезең-кезеңімен қарастырылады дейді министрлік өкілдері.
Әділбек Серікұлы