Жемқорлардан тәркіленген ақшаға салынған және жемқорлық салдарынан сапасыз болған мектептер - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жемқорлардан тәркіленген ақшаға салынған және жемқорлық салдарынан сапасыз болған мектептер

11.02.2024

«Мемлекет қаржысын жымқырған жемқорлардан ақша тәркіленіп, мектептер салуға жұмсалуы тиіс» деген болатын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев. Соңғы кезде жемқорлардан тәркіленген ақшаға салынған мектептер туралы айтыла бастады. Астанадағы сондай мектептің біріне Президенттің өзі де барды. Сонымен неше мектеп салынды, неше мектептің құрылысы аяқталды? Амангелді Сейітхан тарқатады.  

Аманкелді Сейтхан, тілші:

Бұл жемқорлардан тәркіленген қаржыға салынған Астанадағы мектептердің бірі – 96-шы гимназия. 4 қабатты ғимарат сыртынан өте әдемі, көз тартады. Ал іші қандай екенін көрейік...

Мұнда кірсең, қайтадан мектепте оқығың келеді. Керектің бәрі бар. Фэйс-айди жүйесі, электронды кесте, автоматтандырылған кітапхана. Соңғы үлгідегі бағдарламалау зертханасы, робототехника кабинеті.

Зере Кене, оқушы:

Мен Қарағанды облысындағы нөмірі №2 мектепте оқыдым. Сол жерден Астанаға көшіп, осы гимназияда оқып жатырмын.

2400 орындық білім ордасы мектеп жетіспеушілігі мәселесін де біршама азайтқан.

Сәуле Теменова, №96 мектеп-гимназия директоры:

3-ауысымда оқып жатқан нөмірі 84 пен 85-ші мектептің оқушыларын қабылдадық.

Мектептің бір бағыты – инклюзивті білім. Бүгінде мұнда 30 ерекше бала бар.

Назым Әбілқасымова, инклюзивті білім беру бойынша координатор:

Емдік дене шынықтыру кабинеті құрылыс компаниясымен жабдықталған. Ал мынау психология кабинеті мен қолдау қызметін мектептің өзі ақырындап жабдықтап жатыр.

Қабырғалары да әдемі безендірілген. Үзілісте балалар дәлізде шахмат ойнап, шығармалар оқиды.

Альбина Қалмахан, оқушы:

Спорт залы да өте ерекше. Мектеп өте ерекше салынған. Каратэ, қазақ күрестері қарастырылған. Өте көп спорт түрі бар, апайлары да өте мейірімді.

Аманкелді Сейтхан, тілші:

Мектеп қауіпсіздік талаптарына да толықтай сай деуге болады. Мысалы, Астанада былтыр осындай баспалдақтан оқушы құлап кеткен болатын. Ал бұл мектепте баспалдақтардың барлығы жан-жағынан қоршалған. Бірақ сол қоршауға мына ракурстан қарасаңыз, темір торды еске түсіреді. Осындай жақсы, жайлы мектептер салыну үшін қанша адам темір тордың артында отыр екен деп те ойлайсың.

Жемқорлардан қайтарылған қаржыға мектептер салу үшін арнайы қор құрылған. Содан бері 150 млрд теңге жинақталыпты.

Жайық Мақсұтов, ҚР Оқу-ағарту министрліг Инвестициялық жобалар басқармасының басшысы:

2023 жылы осы қаражат есебінен 62 жаңа мектептің құрылысы қаржыландырылды. 62 мектептің ішінен жылдың соңына дейін 36 мектеп тапсырылды. Қалған мектептер жылдың соңына дейін аяқталады.

Биыл 36 млрд теңгеге тағы 20 мектеп құрылысы басталмақ. Бірақ одан мектеп мәселесі толық шешілмейді. Өйткені 280 мың орын жетіспейді.

Назым Әбілқасымова, инклюзивті білім беру бойынша координатор:

Жемқорлықтан алынған ақшаға пайдал, халыққа қызмет орталықтарын салса, ол жақсы, әрине. Бірақ енді жемқорлыққа жеткізбей осы мемлекеттік ақшаны дұрыс пайдаланып әділетті, сондай таза жолмен келсе дейміз.

Жемқорлардан қайтқан ақшаға салынған мектеп жарқырап тұрса да, жемқорлық кесірінен дұрыс салынбаған білім ошақтары бар. Нақты саны белгісіз. Десе де, жетерлік. Мысалы, Алматыдағы 202-мектеп. Директор мектептің сапасыз салынғанын 3 жылдан бері айтып келеді.

Болат Жанайханұлы, №202 мектеп-гимназия директоры:

Мектепте акт залы жоқ. Мұғалімдер бөлмесі жоқ. 67 интерактивті тақта болу керек, 30 ғана тұр. Windows-тың өзін ашпайды компьютеріміз.

Кабинеттердің есіктері тиіп кетсең, құлайын деп тұр. Кафельдері сынып жатыр, еденге төселгені көтеріліп, аралары ашылып кеткен.

Бауыржан Мақұлбаев, «Әділдік жолы» қоғамдық бірлестігі Алматы филиалының директоры:

Пожарный гидранттың өзі муляж болып шықты. Қабырғалары жарылып жатыр. 15 см-ге дейін ашылып кеткен болатын. Оны кейбір ата-аналар көріп, баламызды мұнда оқытпаймыз деп дау болды.

Болат Жанайханұлы, №202 мектеп-гимназия директоры:

Мен келгелі 9 рет  апат болды. Қазірдің өзінде 3 рет, жалпы 12 рет болған кезде өз қаражатыммен жасатып жатырмын. Жоба бойынша диаметрі 100-дік құбыр орнына елулік құбыр қойып кеткен.

Осы мәселеге байланысты «Әділдік жолы» қоғамдық бірлестігі аудит жасатып, құрылыс пен құрал-жабдықтар сапасын тексерткен.

Бауыржан Мақұлбаев, «Әділдік жолы» қоғамдық бірлестігі Алматы филиалының директоры:

115 млн-ға арақашықтықта кемшілік бар деп қорытынды берді. Қай лауазымды шенеунік, қандай комиссия мүшелері мұндай нысананы қабылдаған, қалай қабылдаған? Ешқандай құқық қорғау органы бүгінгі таңда қылмыстық іс қозғауға бет алмай отыр.

Бұл бір мектептегі жағдай. Ал, жаңа айтқандай, мұндай мысал көп.

Бауыржан Мақұлбаев, «Әділдік жолы» қоғамдық бірлестігі Алматы филиалының директоры:

132-ші мектепте қосымша ғимарат салған. Дәл осындай, қабылдау актісіне қол қоя алмай отыр. Көптеген құбырлар қосылмай жатыр. Сыртқы-ішкі жұмыстары жасалмаған.

Аманкелді Сейтхан, тілші:

Ал бұл Астанадағы Байқоңыр ауданы «Кирпичный» алқабында мерзімінен кешігіп жатқан мектеп. Былтыр ашылуы тиіс еді. Бірақ 2,5 млрд теңге бөлінген нысан әлі бітпеген. Қалалық құрылыс басқармасы бірінші мердігермен шартты бұзып, қазір басқа компания іске кіріскен.

Осыған қарамастан жемқорлық тоқтар емес. Ең қызығы, жемқорлардың ақшасына мектеп салып беріп жатқан білім саласының өзі былыққа батқан. Қазір бұл сала жемқорлық фактілері бойынша 2-ші орында.

Нұрдәулет Сәмет, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің басқарма басшысы:

Соңғы 3 жылда 500-ге жуық қылмыстық іс тіркелген білім саласында. Келтірілген залалдың көлемі – 15 млрд-қа жуық. 2023 жылы 248 білім саласының қызметкері әшкереленді.

Бір жылда 102 азамат сотталған. Мысалы, Қызылорда облысында мектеп бухгалтерлері 3 жыл бойы бюджет қаржысын ұрлап келген. Олар аудандық білім бөлімі басшысымен сыбайласып 1 млрд теңге жымқырған.

Ал Талдықорғанда білім бөлімінің бас есепшісі 1 млрд теңгемен қашып бара жатып ұсталды. Кейін мамандар бірігіп жалпы 4 млрд теңге тонағаны айтылды.

Нұрдәулет Сәмет, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің басқарма басшысы:

«Өлі жандарға», нақты жұмыс жасамаған азаматтарға аудару, сонымен қатар бекітілген жалақы нормасын жоғарылатып ақшаны есептеу.

Жемқорлыққа қарсы агенттік пен Оқу-ағарту министрлігі былтыр салаға сыртқы талдау жасап, ақша жымқырудың түрлі тәсілін анықтаған.

Нұрдәулет Сәмет, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің басқарма басшысы:

Әр түрлі сандармен манипуляция жасау арқылы теріс сандарды қойып, бюджеттен өте көп ақша алады. Ары қарай бұл ақша артық болғаннан кейін айла-тәсілдер арқылы бөтен тұлғаларға да аударылуы мүмкін.

Дархан Кулжанбеков, «Әділдік жолы» қоғамдық бірлестігі Астана филиалының директоры:

Аванс төлей отырып, айдың соңында жалақыны толық берген. Айдың басында берген аванстар қайтарылмаған.

Одан бөлек, салық төлеу құжаттарын да заңсыз рәсімдегендер бар.

Дархан Кулжанбеков, «Әділдік жолы» қоғамдық бірлестігі Астана филиалының директоры:

Нөмірі 75 мектеп лицейі «Соотечественники» ЖШС-мен жалпы сомадан 12 пайыз 3 млн теңге қосымша құн салығын аударып жіберген. Қарап отырсақ, қосымша құн салығын төлеу есебінде тұрмаған екен.

Оған қоса бухгалтерлік жүйелердің мемлекеттік органдар жүйесімен интеграциясы жоқ. Бұл да ақша жамқыруға қолайлы. Сондықтан енді сала цифрландырылып, есепті тек онлайн рәсімдеу міндеттелмек. Мүмкін осы шаралар жемқорлықты тыяр. Болмаса, онымен күрестің бір жолын Шымкент әкімі көрсеткендей. Олай дейтініміз, 6-ақпанда қалалық тұрғын үй басқармасы басшысының міндетін атқарушы жиналыс үстінде ұсталды.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі «Бұл қала әкімінің бастамасы болуы мүмкін»,-деді. Ал кейбір азаматтар «тура кинодағыдай» болды десе, «кінәсіздік презумпциясы сақталмады» дегендер де бар. Ал ұсталған азаматтың еш қарсылық танытпағанын көргендер «қойылым ба?» деп те жатыр.

Ең жаманы – жемқорлардан тәркіленген ақшаға салынған мектептер мен жемқорлардың кесірінен «желінген» мектептердегі оқушылардың мемлекет туралы пайымы екі түрлі болатыны.


Аманкелді Сейітхан


Хабарламаларға жазылу