Алматы мектептерінде оқушылар ұлттық киімді ұлықтап жүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы мектептерінде оқушылар ұлттық киімді ұлықтап жүр

10.02.2024

Алматы мектептерінде оқушылар ұлттық киім киюді қолға алды. Қаладағы № 200 және 208 мектеп-гимназиясының ұстаздары мен оқушылары әр жұма сайын білім ордасына зерлі шапан, оюлы тақия және заманауи үлгіде тігілген ұлттық киіммен келуді әдетке айналдырған. Оқушылардың сөзінше, бұл бастама патриоттық сезімге бөлеп, елді, жерді сүюге шақырады.

Ақбота Баймахан, қалалық № 200 мектеп-гимназиясының оқушысы:

Оқушылардың қазақи нақышта киінгені, яғни этно стильде киінгені менің ойымша өте керемет. Жалпы оқушыларымыз күн өткен сайын қазақтың ұлттық құндылықтарына бауыр басып, үйреніп, қазақи нақыштағы киімдерді кигенді ұнатады.

Бастама еліміз бойынша жүріп жатқан «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған. Мақсат – ұлттық киімдердің сән-салтанатын көрсету, насихаттау және ұлттық бірлікті нығайту. Ұлттың белгісі бар заманауи киім-кешек киіп, қазақы әшекей-бұйымдар тағып жүру арқылы құндылықтарымызды дәріптеу.

Гүлбағда Есейханқызы, қалалық № 208 мектеп-гимназиясының директоры:

Біздің қазақтың баласы қазақтың ұлттық киімі қандай болатынын сезіндіру үшін, одан кейін ұлттық құндылықтарды бойына сіңіру мақсатында мектепте осындай жолға қойдық.

Айнұр Нұрымқызы, қалалық № 200 мектеп-гимназиясының директоры:

Әр үзілісте бізде оқушылар асық, тоғызқұмалақ, ләңгі ойнау, тағы қол күресі сияқты ұлттық ойындарды ойнаймыз. Және онымен қоса тағы да бөлек би, домбыра үйірмелері, хор үйірмелерінде осындай әртүрлі өзіміздің ұлттық нақышта іс-шараларымызды өткізіп жатырмыз.

Қуан Нұрақын


Хабарламаларға жазылу