Омбы облысындағы қазақтар 25 ұлттық ансамбль ашқан - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Омбы облысындағы қазақтар 25 ұлттық ансамбль ашқан

28.03.2023

Ресейдің Омбы облысында 70 мыңға жуық қазақ тұрады. Олар салт-дәстүрді сақтап, ұлттық өнерге ерекше көңіл бөледі. Бір ғана өңірде қандастарымыз 25 ұлттық ансамбль ашып, қазақтың өнерін ұлықтап жүр. «Тұран» би ансамблі бес жыл бұрын құрылған. Алғашқы уақытта құрамында 5-6 адам болса, қазір жас бишілер саны 100-ден асады. Жергілікті қазақтар ансамбль мүшелеріне киімді өз қаражатына тігеді. Ғимаратты да жалға алған.

Салтанат Мұсабекова, «Тұран» би ансамблінің жетекшісі:

Ресейдің барлық өңірін аралап, ұлттық өнерді ұлықтап жүрміз. Оған қоса шетелге де жиі шығып тұрамыз. Мақсатымыз - ұлттық өнерді насихаттау. Бір топта жігіттер болса, жеті топта қыздар. Алдағы уақытта басқа аймақтарда өз филиалымызды ашсақ дейміз.

Ал жергілікті орыс би ансамбльдері ежелгі қазақтың биіне қызығушылық танытып отыр. Ал орыс театрлары «Қамажай», «Маусымжан» сияқты қазақ билерін орындағысы келеді.

Виктор Глуховчиев, «Русь» би ансамблінің жетекшісі:

Қазақтың биінде қайталанбас ерекше мәдениеттің үлгісі бар. Оны басқа билерде кездестіре бермейсің, өзгешелігі де осы. Орыс биінде белгілі бір шектеулер болса, сіздердің биіңізде ұлттық рухы, жаны бар.

Жергілікті өнерпаздар қазақтың әуезді әндерін де әуелетеді. Аймақта «Қазақтың дәстүрлі 1000 әні» байқауы жиі өтіп тұрады. Қазақтың ғұрыптық өлең-жырларынан бастап, әйгілі халық композиторлары шығармалары ай сайын дәстүрі концерттерде шырқалады.

Наталья Степанова, Достық үйінің директоры:

Омбыдағы Достық үйінде 40 тан астам ұлттық бірлестік жұмыс істейді. Осы орайда қазақ ұлттық қоғамдық ұйымдарының жұмысын ерекше атап өткім келеді. Өз салт-дәстүрлерін сақтап, тілді де насихаттап жүр. Біз өз тарапымыздан барынша қолдау көрсетуге дайынбыз.

Қандастарымыз ұлттық құндылықтарды ерекше қастерлейді. Болашақта Омбы облысында қазақ театрын да ашуды жоспарлап отыр.

Индира Бегайдар


Хабарламаларға жазылу